
Мамлюктер тіпті шариғатты былай қойып, сот ісін де Дәшті Қыпшақ жобасымен жүргізуге тырысты.
Бұның бәрін істеген қара құлдардан шыққан батыр, әскер қолбасшылары. Осыдан кейін қара қазаққа, құлдарға ерік беруге бола ма? Жоқ, болмайды. Әбілқайыр тағы қабағын қарс жапты. «Қыпшақ жерінен сатылып барған құл Бейбарыс Құлағуды жеңді. Жоқ, қара халықпен ойнауға болмайды». Оның есіне енді Ақсақ Темір көреген түсті. Әбілқайырдың бойы суынып кетті. «Алтын Орданың түбіне жалғыз ғана орыс патшалары жетті ме? Хан Мамай жеңілген бір мың үш жүз сексенінші жылғы Куликов қырғынынан кейін Тоқтамыс пен Едіге Мәскеу түбіне қайтадан сан барған жоқ па еді? Рас, басы біріге бастаған орыс князьдары да ай қарап отырмаған-ды, тозуға айналған Алтын Орданы, түбі, күл-талқанын шығаратыны ақиқат еді ғой… Күл-талқаны шыға да бастаған еді-ау. Жұт жеті ағайынды, айыр ағашпен сегіз. Жауынан сан опық жеген көне Дәшті Қыпшақтың күншығысына сонау алабұртқан заманда тағы бір қабылан көрінді. Бұл Маңғыт руынан таралатын Барластан шыққан Ақсақ Темір еді ғой. Сойқанның бір басы сонан өрбіді емес пе. Құжынаған лашкерін құмырс- қадай қаптатып, қанды ауыз қабылан Алтын Орданы қаппақ болды. Ол бір мың үш жүз тоқсан екінші жылғы, Алаша ханның әмет пен Самет деген балаларын жолай өлтіретін аттанысында-ақ Алтын Орданың босағасын бірден сол- қылдатып кеткен жоқ па еді. Ал бір мың үш жүз тоқсан бесінші жылғы аттанысында Бату мен Берке Еділ өзенінің сағасына салған Алтын Орданың астанасы ғажайып сұлу Сарай шаһарын Кавказ жағынан, Дағыстан қойнауынан келіп басып алды ғой. Осы шабуыл біздің бірлігіміздің де біржолата түбіне жеткен-ді. Орыстардан Мамай күйреді. Темірланнан Тоқтамыс жеңілді. Осы екі жеңілу Алтын Орданы біржолата күйретті. Жоқ-жоқ, төре тұқымдарына жатпайтын батыр, билердің соңында импрамы бар.
