
Ал екі жақтың күші бірдей түсіп жаумен бетпе-бет кездесер жағдай туса, Қыпшақтар сап-сап боп бірнеше қатарға бөлінетін. Әдет бойынша алдыңғы қатардағы атты жауынгерлер саптарын сүйір ұшты етіп құратын. Бұл оларға жұмсақ жерге кірген қазықтай, жау шебін оңай бұзуға керек-ті. Әр топтың ара-араларына және арт жағынан шабуылға шыққан жауды кідірту үшін арбалар қоятын. Осы арбалардың артында керек кезінде ұрысқа түсуге дайын тұрған тағы да әскері болатын. Ал егер жау жағының күші басым келіп, шабуылды олар бастайтынына Қыпшақтардың көздері жетсе, соғысу тәсілін басқаша жүргізетін. Үстіне өгіз, түйе терілерін жапқан арбалардан дөңгеленте бекініс жасайтын. Арбалардың шетінде жағалай тұрып алып, шабуылға шыққан жауына оқ жаудыратын. Жау қай жағынан келсе де дөңгелене құрылған бекіністегі Қыпшақтарды ала алмайды. Өздері оққа ұшады. Оның үстіне Қыпшақтар әлгі арбадан жасалған дөңгелек бекіністерінің ара-араларында қисық-қисық жол қалдырып, жау күшінің әлсірегенін білсе, өздеріне таныс қисық жолдарымен жау шебіне ат қояды. Ал шабуыл жасаған жау бұл жолдарды пайдалана алмайды. Шауып келіп кіремін деген жауынгер екпінімен кеп алдындағы арбаны соғып, быт-шыты шығады. Ал әлдеқайда кіре қалған етрат
