
Қыпшақ жағында үн жоқ. Қобыландының екі беті түктеніп кеткен. Бірақ хан алдында ұстамды, үн-түнсіз. Сондықтан да, теңіз тулап, дауыл соқса да мызғымас, су жағасындағы жартастай, қозғалмай тұнып қалған. Тек Қазтуған жырау ғана сыр түйіп, бұрқ-сарқ тасығалы кезегін күтіп, тыпыршып әзер отыр. Ал төреші Асан Қайғыда да үн жоқ. Ол сонау Қыпшақ хандарының қанды жорықтарын ақыл таразысына салып ойға кеткен; әлден уақытта басын көтеріп, баяу ғана:
— Сөйле, жырау, — деді.
Қазтуған «Айт, шу!» деген бәйгі ұранын естіген қылаң құйрықтай, бірден аға жөнелді.
Бұ жолы ол домбырасын безектей ойнатып бір тізерлей отыра қап ащы айқайға салды. Күре тамыры білеудей боп, кең тамағы торғай жұтқан жыландай ісініп ап, толғауына кірісті.
— Ерлік — ежелгі салтым, — деді. — Алыс-жұлысқа жаратылған қанды балақ қыран құс, құр ұясын күзетіп отыра алмайды. Қыпшақ та сол қыран құс. Ол ерлік үшін жаратылған, — деп Қазтуған құлашын алысқа сермеді. Дәл осы сәтте қарсы алдында отырған жауы — қарт жырауға қона түсуге дайын, өзі де сол қыран құстың бірі тәрізді. Екі көзі қанталап, қалың қабағы жауар күндей түксиіп кеткен.
