Елінің тәуелсіздігін, жерін, суын қорғап шапқыншыларға қарсы шықты. Өзі секілді монғол қолына түспей құтылып кеткен бірнеше батырларды жинап, «Қанға қан! Кекке кек!» деп жауларының жеңіл-желпі жасақтарын құрта бастады. Басқыншылардан кек алуға болатынын ұққан Қыпшақ жігіттері жүздеп келіп Бошманға қосылды. Бұны көріп, Еділ бойындағы уақ ұлттар: башқұрт, алан, бұлғарлар да бас көтерді. Бошманның үлгісінің өте қауіпті екенін түсінген Бату әскерінің қолбасшысының бірі Мөңке Бошманды тез ұстауды бұйырды. Бірақ Бошман ұстатпады. Оның қатары күннен-күнге көбейе түсті. Бошман қатары көбейген сайын, монғолдардан да береке кете бастады, жоқ жерден шабылған көрен,

Елін шапқыншыларға көтере білген Бошман батыр өз ісін істеп кетті. Оның көтерілісі біткенмен іле-шала Баян мен Жықу атты бұқарадан шыққан кісілерінің бастауымен Қыпшақ жігіттері тағы күреске шықты.

Қазтуған жырау осы көтерілістің барлығын еміренте, бір жалынды үнмен жыр етіп мақтана толғай берді.

Әбілқайыр жыр басталғалы алтын тағынан қозғалмай, қара сұр жүзі сәл қуқылданып үн-түнсіз тыңдап отыр… Ашу қысып тына қалғанын хан сырын білетін дос-қасы тегіс түсінуде… Тек Қазтуған жырау ғана өзгеріп кеткен хан келбетін аңғарар емес. Ел шапқаннан гөрі, елін қорғаған Қыпшақтың ерлігін жыр еткенде дарыны енді шын ашылып, кісендеулі құлашы жаңа ғана жайылғандай, толғауын аңқылдап соғып отыр…

Кезекті енді Қотан жырау алды.

— Құс ұша түзеледі, бетің жаңа жөнделді, Қазтуғаным, — деді ол, — сен бастаған әуенді мен ұлғайта түсейін…

Ашына сарнаған қобыз үніне қосылып, қарт жырау енді бір алуан уақиғаларды бастап кетті…

Шыңғысхан тағына Күйік отырған кезде Батудың қарамағында монғолдың бар болғаны төрт мың ғана жауынгері қалған. Бүкіл Шығыс Европаны жаулап алған айбынды әскері өзіне бағынышты елдердің дені Дәшті Қыпшақ жігіттерінен құрылған-ды.



64 из 300