
Барлық елді жеке өз басыңа табындыру қасіреті — о да бір іштен жеген жегі құрт. Мұндай кеселге душар болған адам тек өз мерейім өсе берсін дейді. Ол мұндай арманның, әр нәрсеге дұрыс баға беріп, дұрыс қарайтын ақылын іштей жеп жатқан жегі құрт екенін аңғармайды. Кесел бүкіл денесін қаулай алып болып, бір күні тек қауқиған сыртының өзінен өзі опырылып түсетінін күні бұрын байқатпайды. Бұл кеселдің күші де, қауіптілігі де осында.
Көк Орда ел-жұртын жеке билеп келген Әбілқайыр мен қазақ Ордасын бөліп алам деген Жәнібек сұлтанның таласы әлдеқашан-ақ басталған. Бұлар бір-бірін жан алқымнан ала түсер көкжал қасқыр мен арлан тазы теңдес. Араларында бітім болуға тиісті емес. Бірақ әлі қарсы шабар күн туған жоқ, тек қазір сол күнді күтіп жүрген жағдайлары бар.
Әбілқайыр бір рет Жәнібекті мүлдем құртып жібере де жаздады. Әттең, әттең, ойлаған жеріне жете алмай қалды. Хан сол бір сәтті кез есіне түссе-ақ әлі күнге дейін бармағын шайнайды. Шыңғысханның «ойынан шықпаған туған баласын да аямаған хан — хан бола алады» деген қағидасын жақсы ұққан Әбілқайыр, әрине Жәнібекті аяйын деген жоқ, бірақ бұл жалғанда жазмыштан күшті не бар? Ажалсыз — аждаһаның аузынан құтылады.
Оқиға былай болған еді. Әбілқайырдың Маңғыт руынан алған бәйбішесінен туған он жеті жасар, аппақ жұмыртқадай, жастық желікті ерте бастаған жеңіл мінезді, ерке қызы Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегімнің сұлу жүзді, арыс тұлғалы Жәнібекке көңілі кеткен. Хан қызына қолы жете алмай өліп жүрген өзге батыр, сұлтандарға көзі түспей, төрт әйелі бар Жәнібекке неге сонша құмар бол- ғанын кім білсін, әйтеуір қыздың өзі ортаға жеңгелерін салып, ұзатылғанша сұлтанмен көңіл қосуға тілек білдірген. Бұл кезде Әбілқайырмен арасы іштей әбден суып болған Жәнібек: «әкесінің кеудесіне міне алмасам да, қызын тоят етсем, о да ханнан бір өшімді қайтарғаным емес пе» деп, алдымен хан қызымен жақындасады да, артынан қыздың оңашадағы сан түрлі назды қылықтары ұнап, оған үйленбекші болады.
