Ел билеу! Бұл — мансапқор жанның ұлы тілегі. Кенет Әбілқайырдың есіне Шыңғыстың ел билеу жөнінде балаларына айтыпты-мыс деген қағидасы түсті. Ұлы хан жаулап алған жерін төрт ұлысқа бөліп, төрт баласына беріпті. Сол мәжілісте әкесінен өсиет естігісі келген үлкен ұлы Жошы: «Ұлы мәртебелі, әлем әміршісі, хан қандай болу керек?» — деп сұрапты. Шыңғыс: «Хан халқының көңілін табу үшін ақылды, ал халқы оның көңілін табу үшін тақымды болуы керек», — деп жауап беріпті.

Шыңғыстың екінші баласы Жағатай: «Ханды қайткенде халқы сыйлайды?» — деп сұрапты. Шыңғысхан: «Халқың сыйласын десең тағыңнан түспе», — деп жауап беріпті.

Шыңғысханның үшінші баласы Үгедей: «Хан қайткенде тағынан түспейді?» — деп сұрапты. Шыңғысхан: «Маңына өзінен ақылы төмен, бірақ құлқы өзіндей адамдарды жинай білсе, сол хан тағында ұзақ отырады», — деп жауап беріпті.

Шыңғыстың төртінші баласы Төле: «Қандай хан абыройлы болады?» — деп сұрапты. Шыңғысхан: «Ойынан шықпаған туған баласын да бауыздай алар хан әрқашанда абыройлы болады», — деп жауап береді.

Шыңғысханның осы төрт ақылын алған төрт баласы өле-өлгенше абыройлы хан болып өтіпті-міс.

Әбілқайыр да осы төрт өсиетке бас иген адам. Сондықтан да ол маңайына тек Сайбан ұрпағы емес, Шыңғысханның өзге балаларының да, Жошының өзге бұтағын да жинаған. Тек бұлардың бірде-бірі өзінен ақылды болуға тиісті емес және үнемі оның ойынан шығып отыруы керек. Солай болып та келген. Тек соңғы кезде ғана Орда маңындағы сұлтандар арасындағы дау-жанжал күшейе түскен. Әсіресе, бұл алауыздыққа дем беріп жүрген — ақыл-айлалы Жәнібек сұлтан. Серіксіз жау болмайды, оған шөбере ағасы Керей қосылған. Бұлардың бергі өкпесі Әбілқайырдың қазақ пен өзбек арасындағы саясаты болғанмен, хан ойынша түпкі армандары бақ күндестік. Көк Орданы екіге бөліп, қазақ хандығын құрмақ. Өздері соны билемек. Ал Әбілқайыр бауыр басып қалған Дәшті Қыпшаққа, ешкімді ортақ етпек емес. Ортақ етпек түгіл, осынау қарамағындағы Мауреннахр, Дәшті Қыпшақ, Қорасан жеріне шектес елдерді, әсіресе Моғолстан хандығын түгелдей қосып алмақ.



10 из 300