Бұл жолы Құрыбай жан алғыш жалт береді. Жәнібекті өлтірсе жауапсыз кетпейтінінен қорқады.

— Менің қай уақытта аңға шығатынымды білетін сұлтандар сезіктеніп қалулары мүмкін, — деген ол, — бұ жолы аңға шықпауға, хан ием рұқсат етіңіз… Менің орныма туған інім Сарыбай барсын…

Өз басын пәледен аман алып қалғысы кеп, туған інісін қауіпке қиып тұрған қасқыр мінездес Құрыбайдың қылығына Әбілқайыр хан езу тартып күлген. Иә, хан маңайына өзіне керек адамдарды тарта білген. Бабасы Шыңғысханның Жағатайға айтқан ақылын құрандай бекер жаттап алмаған екен. Хан тағының амандығы, міне, осындай құлқы өзі тектес жандармен сақталады. Бұлар барда, Әбілқайыр да бар.

— Болсын, — деген ол, — тек не істейтінін Сарыбайға дұрыстап түсіндір.

Ал Жәнібек ханның мезгілсіз кезде, қызының мынандай жан түршігерлік айуандық әдіспен қаза тапқан шағында, аңға шығуының болашақ бір қанды оқиғамен байланысты екенін айтпай-ақ түсінген. Оның үстіне Әбілқайыр Жәнібек пен Керей сұлтанға «Менімен бірге аңға шықпай ма екен?» — деп арнаулы кісі салған.

Хан аңға шығарда Орда маңындағы сұлтан, әмір, батыр, билерге хабар беру ежелгі салт. Жәнібек бұдан күдіктенген жоқ. Оның күдіктенгені ханның аңға мезгілсіз уақытта шығуы мен басқа бір себеп еді. Сұлтан астыртын тіл алып көрсе, соңғы кезде Әбілқайырға қырғи қабақтана бастаған бекзадалардан ешкім хабарландырылмапты. Бұл жолғы шақырылғандар кілең Әбілқайырдың өзіне дос адамдары және Жәнібек пен Керей ғана екен.

Хандардың аңға шығуы ежелден бір үлкен мереке. Жұрттың жақсы ат, қыран құс, салтанатты қару-жарақ, ер-тұрмандарын көрсететіні осы жер. Ердің ерлігі, ептілігі, мергендігі де байқалатын осы жер… Жайшылықта мардамсып жүретін өр көңіл батырсымақтардың күтпеген жерден, қамыс арасынан өзіне қарсы атыл- ған ірбіз, барыс, арыстандардан үрейі ұшып кетіп, қолындағы алдаспанын көтеруге де жарамай, жайрап қалатыны да осы ара. Той-думан, жарыста



13 из 300