жамбыны бір атқаннан жарқ еткізіп жерге түсіретін мергендердің, аяқ астынан зу етіп тұра қашқан қыр қоянынан сасып қалып, қолындағы садақ жебесін құла жон- ға жіберіп күлкі болатыны да осы ара… Бұрынды-соңды жұрт көзіне түспеген жас жігіттің, қанжардай қос азу тісін жалақтатып, қылшық жалын тікірейтіп, тайшадай қара доңыз қарсы ұмтылғанда, үзеңгісіне шірене тұрып сауыт бұзар жебесін қақ маңдайдан қарыс сүйем кіргізіп, омақата құлатып, атаққа ілінетіні де, тағы сол саят базарында.

Жәнібек Керей сұлтанмен іштей жер танысып, ақылдасып алғаннан кейін, ханмен бірге аңға шықпақ болды. «Тағдырдың жазғанын көріп алармын, — деді ол, — егер ажалың келсе, алтын сандық ішінде тығылып жатсаң да табады. Ал ажалың жоқ болса, жаңбырдай жауған оқтан да адам тірі қалады». Керей де бұны мақұлдады, тек «сақ болайық және қасымызға сенімді жігіттерді көбірек ертелік, — деді ол, — егер біз аңға шықпай қалсақ, Әбілқайыр хан ойын сезгенімізді бірден ұғады. Ондай жағдайда тастай түйініп алған хан, шешінген судан тайынбас дегендей, ойлаған мақсатына жету үшін басқа шара қолданады. Ажал қашан да болса ерте, егер дәміміз сол күні бітер болса, оған да тәуекел!»

Жәнібек енді аңға шығуға қамдана бастады. Сұлтанның жалғанда жақсы көрері жүйрік ат, қыран құс. Ол Дәшті Қыпшақтағы атақты құсбегінің бірі болатын. Ақ Ордасының жанында бүркіт, қаршыға, лашын, тұйғын, ителгілерге арнап тігілген қараша үйлері іргелес тұратын. Өзге құсбегідей бүркітті ол балапан күнінен емес, әбден қанды балақ болған кезінде торға түсіретін. Сосын үйрететін. Далада өскен қыран алғыр келеді дейтін. Тағы бүркіт көпке дейін көндікпейтін, сөйтсе де әбден жыртқыш құсты баулуға машық болған сұлтан еркіне қоймайтын. Кереге қанат қыранға томаға кигізіп, алтыбақанда әткеншек тепкізіп, ат үстіндегі қимылға үйрететін. Содан кейін суға салып, ақ жем ғып ет беретін. Алғашқы кезде көндіге алмаса да, ашыққан қыран бірте-бірте бұл ақ жемге де үйренетін. Осылай бірте-бірте асау бүркіт жуасып, иесіне мойынсұна бастайтын.



14 из 300