
Жәнібектің осылай үйреткен бірнеше кереге қанат, ақ иық қыраны болушы еді. Бірақ қыс бойы аңға салған бүркіттерін ол жаз шыға түлетуге кіріскен. Күз таяп келе жатқан соң, кеше ғана ақ жем беріп, қырандарын баптай бастаған. Бүркіт салуға ерте болған соң, Жәнібек бұ жолы бүкіл Дәшті Қыпшаққа аты шыққан Сомбалақ атты қаршығасын алып шығуды жөн көрді. Хан шақыруынан қатты сезіктенген Жәнібек, бешпетінің ішінен қорасан болатынан жұқа етіп тоқыған шағын сауыт киді. Алдаспанын қамсыз қайрап, садақ жебесіне жаңадан сұңқардың қауырсынын қадады.
Ханның аңға аттанатын күні жеткенде адыр басына керней-зурнайшылары шығып, бүкіл даланы басына көтере, барылдата тартып, аңшыларға «жиналыңдар» деп белгі берді. Оқшау төбелі мидай дала. Ат құлағы мен бұйра қымыздығы аралас біткен жасыл шалғын. Әлжуаз сабақтары толығып ылдидағы қызғалдақ, сарғалдақтар көк майсадан жоғары көтеріліп, өрекпіп жеткен… Тұс-тұстан төбе басына сұлтан, әмір, бектер ағыла бастады. Кенет хан ордасы жағынан бір топ адам көрінді. Өзгеден сәл үздіктеу келе жатқан, жал-құйрығын түйіп тастаған күрең қасқа жүйрік ат мінген, үстінде аң аулауға деп арнап тіккен шолақ сауыт, зерлі күміс дулығасы бар Әбілқайыр ханның өзі. Соңынан ергендері үзеңгілес батыр нөкерлері.
