
Хан бетінен көзін алмай тұрған Жәнібек, Әбілқайырдың зұлым ойын көз қарасынан түсінгендей, теріс бұрылып кетті. Енді ол адыр басы мен етегіне жиналған бекзадаларға бажайлап қарай бастады. «Қайсысы екен маған ажал әкелер!» Кенет көзі топтан сәл оқшаулау тұрған үш қоңыр киімді жат адамға түсті. Бұрын аңға шығып жүргенде, бұл үш қоңыр пішін болмайтын. «Осылар екен. Тек сақ болу керек» деді Жәнібек ішінен.
Аңшылар азығы деп түйеге саба-саба қымыз артқан, жеңіл шатырлар тиеген, алдарына он бестей қой айдаған бір топ жігіт ауылдан шыққан кезде, хан жасағы да солтүстікке қарай бет алды. Бұлар арада бір қонып, келесі күні Ұлытаудың солтүстігіндегі, Кішітаумен жалғасып жатқан, Арғынаты құз-асуларына келіп, қостарын тікті.
Бұл ескі қиссада:
Ұрпақтан ұрпақ қуып бізге жеткен, Ежелден Арғын атам қоныс еткен.
Көк шалғын, күміс бұлақ Арғынатым…
Шықпайтын арманымсың көкіректен, —
деп жыр еткен қазақтың көне мәдениет ошағы — Арғынаты тауларының кең өңірі еді. Солтүстіктен оңтүстікке қарай үзіле созылған жықпыл тасты құздар, түкті қабақты қайғылы жартастар.
