
Үстін қарақат, мойыл, көк шалғын басқан ұры сайлар, тағы қойнаулар. Жағасын айбалдырған мен ақшуағы аралас белден келер көгал шөп көмген, жұлындай боп жер астынан шығып жатқан, сылдыр қаққан жіңішке бұлақтар. Қуаңшылық жылдардан басқа кезде, қаптаған малын суаратын Барақ көлден бөтен мол сулы айдыны болмағандықтан бұл араға жаз ел сирек қонатын. Сондықтан да Арғынаты төңірегінде қырғауыл, дала қазы секілді суы аз жерде үйреншікті құстар мен арқар, бөкен, киік көп кездесетін. Хан тобы үш күн бірдей аң аулады. Дабыл қағылып, қаршығалар жерден жаңа көтерілген кездерінде кекілік пен ұларды топырлатып ілді. Мерген жігіттер киіктерді садақпен қиядан қағып қырып салды. Бірақ Сарыбай бастаған үш жігіт қанша аңдыса да, көз қиығын бұлардан аудармаған Жәнібекті қолдарына оңаша түсіре алмады. Ажал алайын деп қанша құлшынғанмен, жауыздықтың реті келмеді. Әбден ызаланған жігіттер не істерін білмей, хан ертең елге қайтады деп тұрғандарында, Жәнібекті мерт етер бір жағдай кездейсоқ тап болды. Аң аулау қызығына кіріп кетіп, әбден елеуреген Жәнібек бір мезет аужайын байқай алмай қалды. Қастарынан жанай қашқан ақ бөкенді көре сала, атын борбайлап тұра қуды. Күнімен аң соңынан шапқан серіктерінің аттары әбден болдырған-тын. Тек түске дейін ұдайы шапса тері ғана шығатын Жәнібектің көкбуырылы ғана әлі тың еді. Атбегі әбден жаратқан екен, қабақ қаққанша жолдастарынан ұзап кетті. Ол ақ бөкенді қуып келе жатып, төтеден қосылған хан тобы мен әлгі үш қоңырды көрді. Хан атын жаңа ғана ауыстыр- ған. Ал Сарыбай тек Жәнібекті аңдумен ғана жүріп астындағы жүйрігін тың ұстаған. Әрі-беріден соң Жәнібек, хан, Сарыбай үшеуі өзгелерден қарасын үзіп, үздік кеткен. Бие сауымдай жер шапқанда ғана бұл үшеуі қалжырауға айнал- ған бөкенге бірдей таянған. Әбден дымы құрып етпетінен құлаған дала еркесінің үстіне аңшылар бірдей жеткен. Аң құмар Жәнібек сойылын лақтырып жіберіп, бөкенді бірінші боп бауыздайын деп, қынабынан кездігін ала атынан секіріп түскен. Дәл осы сәтте: «Жоқ, олжа менікі!» деп Сарыбай да сойылын ыңғайлап бөкенді бауыздауға еңкейген Жәнібектің ту сыртынан ұрмақ боп таяй берген. Бірақ Жәнібек барыстай атылып, Сарыбайды ат үстінен жұлып алған, Жәнібектің тізесінің астына түсіп қалғанын бір-ақ білген Сарыбай ханға: