
— Жәнібек сұлтанға қастық ойлағаны үшін басын алдым! — деген.
Ана екеуі оған жауап қайтармаған, үн-түнсіз аттарының басын бұрып, келе жатқан адамдарға қарсы аяңдаған.
Хан қазір өзінің сол күнгі қылығын ойлауда. «Он алты жасымда Едігенің немересі Қазы биді өз қолыммен бауыздағанда, он жеті жасымда аталас туысым Дәшті Қыпшақ ханы Жұмадүкті туған баласындай боп қолында өскеніме қарамастан, жекпе-жекте шоқпармен ұрып өлтіргенде шімірікпеген басым, қастасқан жауым Жәнібекті қара құстан сойылмен бір салып өтуге қалай жарамадым? Кезі келгенде қандай құрбандыққа да болса бара алатын жүрегім, сол жолы қалай дауаламады?
Иә, өзгелер айқай-сүрең салып жеткенше, сойылмен бір-ақ періп өлтіруім керек-ақ еді, ар жағында аттан құлап ажал тапты деп көрсету — Сарыбайдың шаруасы. Ал мен… Міне, сондағы сәл бөгеліп қалғанымның күнәсін енді тартып жүрмін… Жауыңа деген сойылды дер кезінде соқпау — үлкен қылмыс! Енді міне Жәнібектің басын қалай алудың жолын таба алмай, аңыс-аужайым азаптануда… Ашық кетуге болмайды, қазір олар жағындағы ел аз емес. Әттең, әттең, сол бір сәт қайта оралар ма еді! Апырай, сол жолы қолымдағы сойылымды бір сілтеуге жүрегім қалай дауаламады екен. Дауалатуым керек-ақ еді».
Әбілқайыр ойына өлім жазасына бұйырмақ жігіті қайтадан түсті. «Иә, бұл жолы тағы мен үкім айтуым керек. Айтпасқа амалым жоқ. Орда маңына топталған Арғын, Қыпшақ арасындағы дау-жанжал бүгінгі күні осы жігіт арқылы шешілмек. Егер бұл жігітті өлім жазасына бұйырсам, Қыпшақ қуанады. Босатсам Арғын мәз болады… Қандай шешім алу керек? Орда бүтіндігі осы бір жігіттің тағдырымен байланысты. Қастасқан Жәнібек, Керей, Абақтардың да күтіп отырғандары менің шешімім, қандай үкім айту абзал?» Әбілқайыр терлеп кетті. Бір қара қазақтың тағдырының өзіне осыншама салмақ салғанына таң қалды. Ал өткен заман болса… «Иә, иә, Шыңғысхан бабамыз кезінде, бір адамның өмірі түгіл мың адамның тіршілігі де ұлы ханның бір қабақ қаққанынан шешіліп жатпас па еді? Иә, сөйтер еді-ау! Жоқ, Шыңғыс бабамды қойып, бертініректегі Мөңке ханның тұсында да, бір кісінің тағдыры ешкімнің ойына ойран салмас еді!».
