
— Ау, ұрсаңызшы көк желкеден! — деген, ханның қолындағы сойылға көзі түсіп.
Неге екені белгісіз, ханның бойы дірілдеп кетіп, Жәнібекті сойылмен ұруға қолы көтерілмеген.
Дәл осы кезде шапқан ат дүбірі кенет естіліп, бір бүйірден Керей сұлтан шыға келген. Тізесімен Сарыбайды бір-екі нығарлап жіберіп Жәнібек: «Бір жолға қастығыңды кештім, екінші мәртебе қолыма түссең өзіңнен көр» деп түрегелген де, жатқан аңға қараған. Өкпесі өшіп әбден орнынан тұра алмай қалған бейшара, сол мойнын созып етпетінен құлаған қалпында әлі жатыр екен. Жәнібек оны аяп кеткен. «Жазықты жауыма тіршілігін қиғанда, жазығың жоқ, ақбөкен, сені несіне өлтірем», деп анандай жерде жатқан сойылын алып атына мінген. Осы сәтте Керей де жеткен. Болған оқиғаны айтпаса да түсінген Керей сұлтан, інісін қасына ертіп, ханға бұрылып та қарамастан, шауып келе жатқан топқа қарсы ақырын аяңдап жүре берген.
Бұл кезде тәлтіректеп орнынан Сарыбай да түрегелген. Атының үзеңгісіне аяғын салып жатып:
— Бекер сойылмен ұрмадыңыз, хан ием, — деген алқына сөйлеп, егер де жығылғанда мойын омыртқасын бұрап үзіп алатын едім де, атынан құлап өлді дейтін едім. Қалай өлгенін көзімен көрген ешкім жоқ… — деп келе жатты да, — тақсыр хан, кешіріңіз… — деп басын қолымен қорғай берген.
Бірақ құлаштай сілтеген көк құрыш алдаспан оның мойнын қиғаштай кесіп, зәресі ұшып көзі адырайған басын анадай жерге ұшырып түсірген.
Қайтып оралған Жәнібек пен Керей Сарыбайдың әлі де болса жаны шыға қоймай, анадай жерде ақырын қимылдап жатқан басы мен қан-қан болып діріл қаққан денесін көрген. Бұйрығын орындай алмаған құлы енді тірі куәге айналмас үшін, ханның әдейі өлтіргенін екеуі бірдей ұққан. Бірақ Әбілқайыр:
