
Әбілқайыр тағы ауыр күрсінді. «Тобыр! Бірақ сол тобырға ерік берсең, ол қожасының да басын алатын қаһарлы күшке айналады… Ерік беріліп еді, Мысырға құлдыққа сатылған Бейбарыс не істемеді? Атақты Құлағудың өзін Египет жерінен қуды…».
Шыңғыс шапқыншылығы тегеурінді екпінімен қазақ руларының быж-тыжын шығарды. Көпшілігі өз жерінде қалғанменен, бірталайлары басқа елдерге қашып, жан сақтауға мәжбүр болды. Бір мың екі жүз қырық бірінші жылы Қыпшақтың біраз ауылы бастығы Қотан хан болып мадиярлар жеріне ауып кетті. Бұларды мадиярлардың королі қоныс беріп, алдарына мал салып жақсы қарсы алды. Бұған ашуланған Бату венгер короліне хат жазды. Ол хатында: «Оның үстіне менің Қыпшақ құлдарыма сен қорған болатын көрінесің. Мені өзіңе қарсы қоймайын десең, бұдан былай қарай қарамағыңа Қыпшақтарды ұстама. Қыпшақтарға менен қашу жеңіл, — олардың үйі-күйі жоқ, шатырда тұрады, ал сенің үйің бар, жерің бар, қалаларың бар. Менен қалай қашып құтыласың» деп қорқытқан Бату.
Бір мың екі жүз жиырма тоғызыншы жылғы Лаврентьев шежіресінен қыпшақ-қазақтардың монғолдардан ығып, өзі жау тепкісіне түскен Еділдегі бұлғарлар жеріне, Россияға, Польша, Литваға барғандарын көреміз. Бір кездегі көшпелі жауынгер елді Құждай мықты бекзада, ел билеген батырлары енді жат жерде бетегеден аласа, қойдан жуас күйге ұшырайды.
Қазақтардың біразы Қиыр күншығысқа, Монғолия, Қытайға да апарылады. Шыңғысхан мен Жошы кезінде қазақтардың бірнеше бекзада, батырлары Монғол императорының Ұлы Ордасында қызметке әкетілген. Қысқасы бір кездегі айбынды елді дұшпандары талан-таражын шығарып, ұлын ұрымға, қызын қы- рымға шұбыртады. Қазақтың батыр жігіттерін топтап құлдыққа, мүсінді қыз-келіншектерін үйіріп күңдікке сата бастайды.
Көп кешікпей монғолдар мен мұсылман саудагерлері Европа мен Сирия, Солтүстік-батыс Африканы, әсіресе Египетті Дәшті Қыпшақ жерінен әкелінген құлдарға толтырады.
