Қытай мен Жоңғар жеріндегі рулар да осындай ой білдірген. Осының бәрінен Жәнібек жеке хандық құрудың көптің арманы екенін және өз басының қамы мен ел-жұрттың тілегінің сабақтаса бастағанын көптеп түсінген. Бұл — мұрат- қа жетудің даңғыл жолы. Бүгін болмаса ертең шаруашылығы, жер-суы, әдет-ғұрпы, тілі, тілегі бір Дәшті Қыпшақ даласының көп руының бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір ел болып құралып, бір халыққа айналатынына шек келтірмеген.

Осы себептен де Әбілқайыр хандығы — Алтын Ордаға бағынышты екі белді ру — Арғын мен Қыпшақтың арасындағы дау, таластың өрши түсуінен қатты үміттенген. Әбілқайырдың ойы, бұл рулардың бастарын біріктіртпей билеу болса, Жәнібектің ойы Әбілқайырдың Ордасын құлату үшін сол рулардың арасындағы Алтын Ордаға деген өшпенділік өрши түсуі керек. Ескі Орда таластан әлсіресе, жаңа Орда тігудің жеңілге түсетініне ол күмән келтірмеген. «Қазақтың көшпелі рулары алмас қылыш, — деп ойлаған сұлтан Жәнібек, — егер жұмсай білсең — ол жауыңа айбар, жер-суыңа қорған. Қара халық өз бетімен бірімен бірі соғыспайды, тыныштықты, достықты тілейді. Бар пәле бізде, хан, сұлтандарда. Қолыңдағы осындай күшті аужайлап пайдалана алсаң, ойыңдағыдай хандықты құруға болады. Ноғай, Қазан, Қырым, Астрахань хандары мен сұлтандары таламасын десең, арғы жағыңдағы ұлы жұрт — орыс елімен тіл тауып, одақтасқан жөн. Бірақ ондай күнге жету үшін ең алдымен Әбілқайыр Ордасынан бөліну қажет».

Ал Әбілқайыр Дәшті Қыпшақ хандығын күшейтудегі алғашқы күрестерінде өзіне сенімді құрал еткен көшпелі рулардың қазір теріс қарай бастағанын тек сұлтандардың қастандығынан көретін. Орынсыз соғыс-жорықтан, басқа елдерді шабудан кешегі алмас қылыштың жүзі қайтып, іске алғысыз боп мұқалатынын ұққысы келмейтін. «Жыланның үш кессе де кесірткелік қауқары бар, — деп ойлайтын ол, — егер де сұлтандардың өшпенділігін жойсам, Алтын Орда әлі де талай елді бағындыра алады. Тек соңыңнан ерген тобырды өткір қайрап жауыңа сала біл! Аужарлық етпе!».



26 из 300