Шыңғыс бабасының әмірі жүріп тұрған кезінде Қарақұрымда болған италиялық бір жиһанкез жолаушының жазған кітабының әрбір әрпі бақандай боп көз алдында тұра қалды. Әбілқайыр ернін жыбырлатып оқи бастады: «Монғол әскері жайында. Шыңғысхан он адам бір адамға бағынсын деп бұйырған (біздіңше оны онбасы дейді), ал ол онбасы бір жүзбасыға бас иген. Он жүзбасының үстінен бір адам қараған. Оны мыңбасы деген. Бар әскерінің басына үш ноян қойған. Бұл үш ноян барып бір қолбасшыға тізе бүккен». Әбілқайыр сәл көзін ашты. Ең қызығы ар жағы… Ол қайтадан оқи түсті:

«Егер ұрыс кезінде осы он адамның біреуі, не екеуі, үшеуі, тіпті одан көбі кейін қашар болса, олар өлтіріледі, ал жүздіктің өзгелері қозғалмай, әлгі он адам бәрі бірдей кейін шегінсе бәрі де жойылады: қысқасын айтқанда, бәрі бірге шегінбесе, өз бетімен шегінгеннің бәрі тегіс өлтіріледі. Осы айтқандай, он адамның бір-екеуі жауға қарсы ұмтылып, өзгелері тұрып қалса, тұрып қалғандар тегіс құртылады. Ал, осы онның біреуі, не одан көбі тұтқынға түсіп, өзге жолдастары, оларды құтқармаса, құтқармағандардың бәрі де өлтіріледі». Әбілқайыр қайтадан ойға кетті. «Шыңғыстың қай ұрпағын ойлаған мақсатынан басқаның тағдыры тоқтатқаны бар? Тоқтатып көрген емес. Ондай оқиға панднамада да

Шыңғысханның төрт ұлы болған. Жошы, Жағатай, Үгедей, Төле. Төртеуі әлем қожасы Шыңғысхан жаулап алған жерді төрт ұлысқа бөліп, әрқайсысы бір-бір ұлыстан басқарған.

Шыңғысхан өлісімен әлем қожасының төрт ұлының арасында жанжал басталған. Жанжал Шыңғыс ордасы — Қарақұрым Ұлы тағын кім иеленедіден шығды да, аяғы ұлыс арасындағы жер, атақ, бақ тартысына айналады. Жошы мен Төле ұрпағы бір жақ, Үгедей мен Жағатай ұрпағы екінші жақ. Шыңғысхан өлгеннен кейін Қарақұрым тағына Үгедей отырады. Үгедейден кейін ұлы хан оның баласы Күйік болады. Күйіктен кейін Жошының екінші ұлы — Алтын Орданың алғашқы ханы, атақты Батудың арқасында қазақтар Мөңке деп атап кеткен, Төленің үлкен баласы Меңгу Қарақұрымға хан сайланады. Мөңкені хан сайларда, өздерінің күшінің жетпейтінін білген Үгедей мен Жағатайдың балалары толып жатқан сылтау тауып, ұлы құрылтайға келмей қалады.



3 из 300