
Осындай бір шабуылдан кейін, ызасы кеудесіне сыймаған Әбілқайыр, Қазан ханының жеріндегі Орманбет бидің ұрпақтарының аулын шабуға үш түмен қосын мен бақан бойлы, шоқпар қолды Қыпшақ Қобыландыны аттандырған. Бұл атақты Қажымұқан балуанның он екінші атасы. Қазақ пен Ноғай бөлінгенде айтылған «жылау, жылау, жылау күй» жырындағы «қара орманынан айрылған», Торғай мен Ор бойына Қаратау маңынан, Арыс пен Бадам өзендерінің тоғысқан жеріндегі Қараспан тауынан көшіп келген, қазақтың атан жілік, арқар мүйіз батырларының бірі.
Ол тыныш, ертелі-кеш күлкіні ермек етіп, қаннен-қаперсіз жатқан Ноғайлы ауылдарының күлін көкке ұшырып, бар малын алдына салып айдап, мүсінді деген қыз-келіншектерін олжа етіп, жақында ғана жорықтан қайтқан.
Ақ түтек борандай қаһарына жан шыдамаған Қобыланды батырдың бұл жеңісін бүкіл Әбілқайыр қол астындағы ел, ол бір Стамбул мединасын шауып қайтқандай, үш күн тойлаған. Той тарқар алдында, әкелінген қыз-келіншекті олжаға бөліп беру үшін, хан осы жорықта қай батырдың қандай асыра ерлік көрсеткенін сұраған.
Асат, әсет
— Өзге батырларға олжа сұрасам, Арғынның жүз жігітін бастап барған жас бөрі, Қотандай абыз қарттың жиені Саян батырға өлім жазасын талап етемін, хан ием, — деген.
Ордада отырған жұрт дір ете қалған.
Саянның нағашысы ханның оң жағында отырған маймене, асқан күш иесі, әрі шешен, әрі әнші, екі иығына екі адам мінгендей, төртпақ келген қара сұр Қотан жыраудың баласы Ақжол би қанын ішіне тартып сұп-сұр боп кеткен. Бірақ жүрек толқынын әдеттегі орнықты мінезіне жеңгізіп ол:
