
Ал бұл дауға шешім таба алмай, Әбілқайыр іштей алай-түлей. Арғын мен Қыпшақтың қазіргі таласы, ұйқы-тұйқы жұлысып жатқан арлан төбеттердің айқасына ұқсайды. Дәл қазір бұларды айыру екіталай. Не болса да қолындағы темір сүңгіні біреуіне жіберуі керек. Алысып-жұлысып жатқан қос арланның қайсысын қалайды? Арғынға деп сілтегенің Қыпшаққа тиіп жүрсе қайтесің? Қыпшаққа тиюі өзіне тиюімен бірдей. Хан саясаты кейде жазғытұрымғы желдей. Беталысы ел райына, хан Ордасының арманына қарай өзгеріп тұрады. Ал бүгінгі таңда Қыпшақ пен Әбілқайыр ханның алар демі бір төбеден соғып тұр.
Кенет хан бұл дауды екі ру арасындағы саясатпен емес, әділетіне қарай шешпек болды. «әділетті шешсең — импрам риза болады. Ал импрам ризалығы — дәл бүгін Қобыланды мен Ақжол бидің мүддесінен жоғары». Бұны отыз жыл хандық құрған тіршілігінде Әбілқайыр хан соңғы кезде жақсы ұға бастаған.
Ол ең алдымен оқиғаның қалай болғанын тұтқын жігіттің өзінен сұрауды жөн көрді. Тақ жанында тұрған күміс қоңырауды алып ақырын қақты. Таза күмістен сыңғырлай шыққан сұлу үн құлағына еркелей жетіп, қобалжыған көңілін сәл орнықтырғандай болды. Үйге ашаң жүзінде қан жоқ, сөл жоқ, ұзын бойлы арықтау келген дәйекші Оспан-Қожа кірді. Ол ләм-мим демей екі қолын кеудесіне ұстап, басын төмен түсіріп, әмір күтіп, қозғалмай тұра қалды.
— Тұтқын жігітті алып келсін.
— Қай тұтқын жігітті, хан ием?
«Бәсе, қай тұтқын жігітті? — Әбілқайыр мырс етіп күлді — Чинга Тұра
— әлгі Арғын, Қыпшақ арасында дау шығарған жігітті, — деді ол, атын атауға әлденеге аузы бармай.
— Құп, тақсыр, хан ием.
Әбілқайыр тағы да ойға шомды.
Он жеті жасында «Бату тағы», «Өзбек тағы» деп аталған Дәшті Қыпшақ тағына отырды. Ол кезде хан ордасы сонау шығыстағы Ертіс өзенінің қойнауындағы Чинга Тұра қаласына ту тіккен, майданды сол тұстан ашып, жеке-жеке ұлыс болып отырған қазақ хандарын жеңіп, бірте-бірте Есіл, Тобыл, Нұра өзендерінің бойын тегіс өзіне қаратты.
