
Демек, бір мың төрт жүз алпыс сегізінші жылы Әбілқайыр хан өлгенде, он жетіде қалған Мұхамед-Шайбани мен он екі жасар інісі Махмұт-Сұлтанның ерлік әрекеттері арқасында Әбілқайыр ошағының көпке дейін сөнбейтінін дәл осы сәтте Жәнібек сұлтан білмеді. Ал қазір ол Әбілқайыр ханның жеті жасар жанғалы тұрған шамшырағы жайында тек көмескі қобалжу ойда ғана болды.
Хан әп-сәтте бойын жинап алды.
— Бар, қалқам, Тарланкөкті жіберген болсаң, басқа асауды үйрет, — деді.
Енді шешім өзінен өзі келді. «Хан ақылы — қарамағындағы елді айқастырмай ұстауда ғой. Айқаса қалған күнде де, хан бұл арада төреші болуы керек! Арғын, Қыпшақ бірін-бірі өзі өлімге қисын. Мен тек солардың жоюшысы болайын».
— Біздің атамыздың замандасы, Үйсін Майқы бидің кезінен келе жатқан «өлім жазасын шешетін халықтың өзі» деген дәстүр бар емес пе еді. Бұл дәстүрді әлемді билеген ұлы Шыңғысханның өзі де бұзған жоқ. Мен қалай бұзам? Арғын, Қыпшақ игі жақсылары мәжіліс құрып, батыр Саян тағдырын өздерің шешіңдер. Өздеріңнің ұйғаруларың хан үкімі болсын, — деді іші қатпар-қатпар Әбілқайыр, кенет асасымен жерді бір ұрып.
Хан сөзі — бұзуға жатпайтын шешім. Жайшылықта бұйда бермес екі жақ бірдей басын иді.
— Құп, хан ием, сөйлесіп көрелік.
Міне, осы дау Арғын, Қыпшақ арасында үш күн сөз болған. Талай ділмарлар, сөзуарлар суырылып шықты, талай қызыл өңеш, бұлбұл тілдер сайрады, бірақ еш шешімге келе алмаған. Ашу, ыза, кек қуысқа ұйлыққан қар секілді оңай жібімеген. Бұл долы талас кейде сойыл күшімен шешілуге де таяп қалған. Бірақ екі жақтың күші бірдей түскендіктен, жағаны босқа жыртуды екі ру мықтылары мақұл таппаған. Ақырында Майқы би мен Ұлы хан Шыңғыстың тастап кеткен дәстүрін бұзып, бұл таласты ханның өзі шешсін деп тарасқан. Хан не айтса екі жағы бірдей соған көнбек болған.
