
Хан түксие қарады. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» тұтқын жігітпен тіл қатысуды жөн көрді.
— Өзіңе қойылған айыпты мойныңа аласың ба? — деді ол тамағына келіп тығылған ашуы мен күдік кірбеңін әзер басып, даусы дірілдеп кетіп.
Жігіт сол тұрған қалпынан титтей міз бақпады. Тек басын сәл иді.
— Жоқ, өзге айыбым болғанменен, Қобыланды батыр айтқандай күнәм жоқ, иланыңыз, хан ием…
«Өзге айыбым болғанменен» деген сөзден хан бұрынғысынан да бетер күйіп кетті. «Өзге айыбыңның қандай айып екенін білемін. Жасырмай менің бетіме айтуға қалай тілің барды? Сәл шыда, ол тіліңді де шоқ басылғандай күйдіргенімді көрерсің!..» Бірақ ханның «өзге айыбың қандай айып?» деп сұрауға дәті бармады. Бойын билей жөнелген ашу, нағыз бір аузы-мұрнын кигізбен қаптағандай тұншықтырып әкетіп барады. Ойды алып, жүректі өртеген ызаны ықтай берді. Хан даусы шағатын жыландай енді ысылдай шықты.
— Қара Қыпшақ Қобыланды жала жапқаны ма?
Жігіт қысталаң мінез көрсетпеді.
— Қара Қыпшақ Қобыланды неге былай дейтіні менен көрі сізге мәлімірек болар, хан ием.
Ол осы сөзімен бар жайды бір-ақ жайып салды.
«Бұл не дегені, ә?» Әбілқайыр, екі көзі қанталап сүзетін бұқадай, түйілген қабағының астынан қарады. «Жоқ, бұл жігіт осал жігіт емес. Өзіне жабылған жаланың неден туып тұрғанын біледі. Бұл білгенді бөтен Арғындар да біледі ғой. Бәленің бір ұшы өзімде жатқаны өзге жұртқа да аян болар. Арғынға ала көз қарайтындығымнан Қобыланды батыр бұл оқиғаны әдейі шығарғансыды. Әрине, содан соң бүкіл Арғын болып кеше мына жігітті өлімге бермей қалған екен. Сірә, төбелеске түсуге де бар тәрізді ғой өздері. Сол екен ғой Жәнібек пен Керейдің де миығынан күліп жүргендері. Жоқ, жоқ, ашу тасыған дария тәрізді, алғашқы екпінімен жар бұзады, ал уақыт өткен сайын қарқыны бәсеңдей түседі. Шешімді бірден алмау керек…»
Хан қолын қанжарынан босатты.
