
— Қай рудансың?
— Маңғыт, Барлас руынанмын.
Жігіт бетіне хан тағы да үңіле, байыздай қарады. Көзінде бір жан түсінбес ұшқын пайда болды. О да мүмкін… Рабиу-Сұлтан-Бегім «Сүйіншік сұлтан нағашыларына тартқан» деуші еді ғой… «Барлас руының жігіттерінің бәрі бірдей осындай қалың қабақ, арыс кеуде келеді. Сонда бұл батырдың қандай айыбы бар? Жазығы қалың қабақты болғаны ма? Нағашы жұртына жиенінің тартуы табиғи жүйе ғой. Мені де өзбек нағашыларына тартқан демей ме?» Әбілқайыр хан өзінің ойының жалған екенін біледі. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Естіген өсегіне сонда-ақ сенген. Бірақ Сарғыт-Шиман Маңғыт уәзір: «Қуаныштың теңізі, адамгершіліктің күні, Фаридундай қасиетті Әбілқайыр ханның әйелі, Ақсақ Темір немересі Ұлықбек мырзаның қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім ханым өсек-аяңнан тыс тұруы фатиқа. Бұлай ету екі жұртқа бірдей тәлім. Әсіресе үлкен балаңыз Шах-Хайдарды Самарқантқа хан еткелі тұрғаныңызда» дегеннен кейін ханымның қылығын қазбалай бермеген-ді.
«Сол өсекті қазір қайта шығарғанда не таппақ? Ондағы күннен қазір Ақсақ Темір немерелерімен арасы жақын тұр ма? Мен мұны өлім жазасына бұйырсам жұрт не дейді? Күнәсі ашылмаған батырды өлімге қиды… Бұны хан баяғы өсектің салдарынан істеп отыр демей ме? әрине, сөйдейді. Өсек те бір, күйе де бір. Көзіме айтпағанмен жұрт солай жориды. Одан да өз басыма кір келтір-мегенім жөн емес пе? Иә, сол жөн. Бірақ мына жігіттің күнәсін қалай кешем? Білмеген болып үндемей қалуым жөн бе? Қара қазаққа намысымды таптатып қойсам, жұрт мені батылы бармады дейді ғой! Жоқ, жоқ бұл жігіт өлуі керек!».
— Бұл жігіттің тағдырын Шах-Будақ сұлтанның асы өткен соң шешеміз, — деді дәйекші мен жігітті алып келген нөкерлеріне, — қайғылы ас алдында… қаһардан қайта тұралық. Әкетіңдер!
Жігіт сәл басын иді де кілт бұрылды. Жендеттер оны тысқа қарай айдай жөнелді. Ең соңынан шығып бара жатқан дәйекшіге естірте хан:
— Сақ болыңдар. Көздеріңнің қарашығындай күзетіңдер, — деді.
