Сабағы сояуланып қалған, қызғалдақ, лала жаушымылдық, раушан гүлдерінен жұпар аңқиды. Осынау қызылды-жасылды өрнекпен безелген жасыл кілем ұшы-қиыры жоқ кең даланың ортасында төңкерілген күміс кеседей жарқырап, ақ айдын Ақкөл жатыр. Жан-жағы сонау көкжиекке дейін мидай дала. Ұшқан құстан, жүгірген аңнан бөтен тірі жан көрінбейді. Тек көлдің батыс жағында көгілдір белес бар. Белестің үстінде сұрғыт оба тас пен бірнеше балбала тұр. Оба тас мұрты салбыраған, оң қолына қымыз ішетін тостаған тәрізді ыдыс ұстаған келсаптай шомбал бір ғажайып бейне…

Бұл тастар жөнінде халық арасында екі аңыз бар. Бірі — көне Қыпшақтарда өлген адамды жаназалағанда, не жетісін, қырқын, асын бергенде оның бейнесіне сәйкестей ағаштан қуыршақ ойып, үстіне бұрынғы киімдерін кигізіп, өздерінің ортасына отырғызатын дәстүр болған. Өйткені көне Қыпшақтардың түсінігінше, адам жаны өлмейді, үнемі туыс-туғандарымен бірге жүреді. Жоқтауға жиналған кісілердің бәрінің де денесінде өз жаны болғандықтан, өліктің жаны өзінің қуыршақ бейнесіне барып орналасуға тиіс. Қуыршақ боп ол өзінің жерлеу тойына, жетісіне, асына қатынасуы керек. Ағайын-туыстарымен бірге отырып, өз ажалын өзі тойлайды. Ал жақындары оған керемет құрмет көрсетуге борышты. Қолына ыдыс беріп, қымыз құйып, алдына ас қойылу міндет. Өлген адамның дәрежесіне қарай ақсарбас қошқардан бастап, үш тоғызға дейін оның құрметіне құрбан шалынған. Араб жазушысы Абу әль-Фидің айтуынша, құрбандыққа Қыпшақтар кісі де бауыздаған. Мынау оба тас пен балбалалар сол дәстүрдің ескерткіші-міс. Қолына ыдыс ұстаған оба тас — ас ішуге ыңғайланған, сол өлген адамның өзі, ал қасындағы балбалалар жанында жерлеп отыр- ған оның туыс-туғандары-мыс. Екінші аңыз бойынша, адамның тірісінде өлтірген жауы о дүниеде соның құлы болады екен. Мына тас мүсіндер осы аңызды бейнелейді делінеді. Мынау оба тас — қожасына ас дайындап тұрған сол өзі өлтірген бас жауы, ал балбалалар бас жаудың серіктері, ағайын-туыстары-мыс.



42 из 300