
Дәйекші басын иді.
— Құп, тақсыр.
Ханның айтқаны шындық еді. Шығыс халқының әдеті бойынша «он бесте отау иесі». Әбілқайырдың Маңғыт әйелінен туған тұңғышы Шах-Будақ өткен жылы дүние салған. Хан осы сүйікті ұлының үш күннен кейін асын бермекші. Ас беру — жерлеу емес, Дәшті Қыпшақ елінің дәстүрі бойынша үлкен той. Асқа Дәшті Қыпшақ пен Мауреннахрдың игі жақсылары қатысады, сайысқа атақты батырлар түспек! Қыпшақтың от ауызды, орақ тісті, қарға бойлы Қазтуған жырауы мен Арғынның ақсандақ жүйрігі, сексеннен асып кеткен, Ақжол бидің әкесі Қотан жырау айтысады. Төрешіге Үйсін Майқы бидің алтыншы буыны ұлы сыншы, халық ардагері, жүзден асып кеткен Асан Қайғының өзі келмекші.
Хан саясаты тынып жатқан көл секілді, қай жері тұңғиық, қай жері тайыз білмейсің. Тағы да күміс қоңырау шылдырлады.
Ордаға әлгі қан-сөлсіз дәйекші кірді, үн-түнсіз басын иіп, тұра қалды.
Хан жайшылықтағы тапсырмаларының бірін бергендей жайбарақат сөйледі.
Ас біткен күннің ертеңіне әлгі жігітке үкім айтылады. Бірақ оған дейін…
Дәйекшінің жарғақтанған жұқа ерні ақырын ғана қимылдады.
— Құп, тақсыр.
ІІ
Әбілқайыр Ордасы бұл кезде Кеңгір өзенінің жағасындағы Орда-Базар қаласында еді. Ұлы асқа бүкіл Дәшті Қыпшақ пен Мауреннахрдың бек, сұлтандары тегіс келетінін білген хан, асты кең жайлауда — Ұлытаудың күнбатыс жағындағы Ақкөл жағасында өткізбек болды. Шілденің бас кезі еді. Бір шеті мен бір шеті ат шаптырым күміс толқынды Ақкөлдің кең алқап жазира даласы ат бауырынан келген көк шалғынға бөленген. Қыратты бауырлай біткен хош иісті көде-көкпектің өзі тізеге жетеді. Алыстан мұнарлана Едіге батыр мен Тоқтамыс ханның сүйектері қойылған Ұлытау мен Кішітаудың сүйір бастары көрінеді. Көк шалғынның арасындағы бармақтай-бармақтай боп өскен бүлдірген мен жи- дектен көз тұнады. Аласа бұталарға сыңси біткен қарақаттың да піскен кезі… Көл үстінде күндіз-түні тынбаған құс қиқуы… Ортасындағы ақ айдында қанаттана бастаған көгілдірлерін ертіп бір топ аққу сыбызғы үніндей қоңырқай дауыстарымен сыңсып ән салады.
