Сайыста Қара Қыпшақ Қобыланды жан шыдатпаған. Екі бие сауымындай мезгіл оған тек Арғын биі Ақжол ғана төтеп берген. Бірақ ошақ тұяқ Көксеңгірдің тегеурініне шыдай алмай бір сайыста астындағы құшақ құйрық Ақжамбасы тізерлеп шөгіп қалып, сайыс төрешілері бас бәйгіні Қобыландыға деп шешкен. Түйе жарыс, қатын күрес — бәрі аяқталып, бүгін астың ең қызығы, талай жан өкінер, талай бидің намысқа шауып қабырғасы сөгілер жыраулар айтысы басталған. Айтыс төрешісі жүзден асқан ұлы жырау Асан Қайғы. Ол бұл жолы желмаясымен Көкше теңіз тұсын шолып келген-ді.

— Асан ата, Көкше теңіз маңы қандай жер екен? Сайын ордасын көшіруге жарар ма? — деген Әбілқайыр ханның сөзіне Асан Қайғы:

— Қақ үстін жайлау етем десе ханның еркі ғой. Ал мен көрген Көкше теңіз маңы:


«Тас табаны төрт елі

Атан жүрер жер екен, Төсегінен түңілген.

Адам жүрер жер екен».


деп жауап берген.

Осы Асан Қайғы айтыс төрешісі. Төреші боларында ол Әбілқайыр ханға:

— Атамыз Майқы биден бері бәйге хан ордасын кім асыра мақтай алса соған беріліп келетін-ді. Бұл жолы ата жолын бұзбақпын. Егер соған көнсең төреші боламын, — деген.

Бүкіл ел-жұртты ардақтаған Асан өтінішіне хан да қарсы келе алмаған.

— Құп, айтқаныңыз болсын, — деген Әбілқайыр.

Асан айтыс тәртібін өзінше құрған. Бас бәйге кім де кім жауға қарсы елдің ерлігін дұрыс айтып бере алса, соған беріледі. Орта бәйге өз руының жер-суын қорғаудағы істерін дұрыс суреттеп берген адамға тапсырылады. Ал аяқ бәйгеге Дәшті Қыпшақ елінің болашағын кім дұрыс болжай алса, сол ие… Және жеңіс тәртібі де өзгеше. Бір жырау өз руының ерлігін паш етсе, қарсы жырау сол рудың айтылған ерлігінің кемшілігін, қатесін дат етеді. Қайсысының жыры жұрт көкейіне қонар болса, сол жеңді деп саналмақ. Шыңғыс ұрпақтарын мадақтайтын айтысқа да осы шарт. Бұл шарт үшінші айтыста да қолданылмақ: бір жыраудың болжауын екінші жырау сынауы керек. Егер сынай алмаса жеңілген болып саналады.



44 из 300