Бас бәйгеге Қыпшақтың ұлы жырауы Қазтуған мен Арғынның ақиығы Сыпыра жыраудың ұрпағы Қотан тайшы түспек болды.

Қазтуған тапал, тоқты жілігінің қорғасын құйған асығындай шымыр адам. Сондықтан да оны халық «қарға бойлы Қазтуған» деп атап кеткен. Бір тайпы елдің батыры және жырауы. Әбілқайыр тұсында қазақ, ноғай қауымдары (ноғайдың біразы Қазан жеріне ауып кетсе де) аралас-құралас көшіп жүрген. Хандар тұтатқан өшпенділікке қарамастан, тұтас бір рудың не бір тайпы елдің бүгін ноғай құрамында болып, ертеңіне қазақ жағына шығып кетуі әдеттегі жәйт саналған.

әйтседе, екі ел арасындағы жанжал кейде үлкен ұрысқа айналып, бір жағы ата мекен қонысын тастап кететін кезеңдері де болған. Осындай бір айқаста Қыпшақ жағы жеңіліп, Ноғайлы дәуірінің жырауы атанған Қазтуған:


«Салп-салпыншақ анау үш өзен.

Салуалы менің ордам қонған жер, Жабағылы жас тайлақ

Жардай атан болған жер, Жатып қалған бір тоқты.

Жайылып мың қой болған жер», —


деп басталатын атақты Еділмен қоштасу толғауын айтқан.

Осы Қазтуған Қыпшақ руының ерлігін мадақтап, байлығын мақтамақ…

Бұнымен айтысатын ақын: «Ер Тарғын» қиссасында «бұл — өз өмірінде толғау айтып тоғыз ханды түзеткен кісі» деп келетін бүкіл қазақтың қамын ойлап өткен Сыпыра жыраудың ұрпағы Арғынның ардагері сексеннен асқан қарт Қотан.

Ел қамын ойлаған, ұлы сыншы Асан Қайғының бұл жыраулардың қайсысынан болса да еңсесі биік жатыр. Оның жыры қайғы тәрізді түпсіз терең, ел мұраты тәрізді мәңгі өшпес арманды, ана жүрегіндей мейірімді келетін…

Хан ордасының алдына кілең би, батырлар алқа-қотан отырғаннан кейін Асан Қайғы айтысты бастады. Ол алдымен өзі іштегі күйігін сыртқа шығара ел-жұртының қамын сөз етіп біраз толғау айтты. Халыққа тарап кеткен:



45 из 300