
— Өз руыңның ерлігін енді, Қотан жырау, сен айт, — деді. — Қайсыңның жеңгеніңді жұрт сосын естір…
Қотан қарт алдында тұрған сырлы аяқтан уыз сары қымызды бір жұтып орнына қайта қойды. Қобызын асықпай қолына алды. Мұздаған жанды жылытар, қобалжыған көңілді тыныштатар бір майда қоңыр күй тартты. Қарт жырау күйді ұзақ тартты. Жұрт ұйып тыңдай берді. Бір мезгілде барып қарт жырау қобыз даусына өзінің үнін қосты. Қария даусы бұ жолы қарлығып қажымады, жаңағы жұтқан уыз қымыздың дуасы ма, әлде айтайын деген жырының қақ-соқтықсыздығынан ба, лебі биязы қоңырқай шықты.
— Арғын да алуан ел болған, келген жерге көнбеген, онда да талай ер туған, қазір қисса онда емес, — деді жырау ерекше, өзгеше сарынға салып, — қыран көкке қанатын қанша биік қақса да тізіліп бірге ұша алмас. Шаңқылдап айбат атса да, аққудай сыңсып ән сала алмас. Қыпшақ қыран болса, егер, Арғын — аққу көл көркі… Сойылдан гөрі қолына домбыра алуды паш санар. Ұран салып, жау іздегеннен ән шырқап жар сүйгенді ұнатар. Одан артық, әлеумет, айтшы қандай арман бар. Ел айырар ұрыстан, бейбітшілік, елдікті мұрат еткен бұл Арғын. Ән мен күйге орда боп қуантсам жұртты дейді бұл Арғын. Батыс түгіл, Қызылбас, Үндіге де Қыпшақ талай аттанған. Арғын одан аз емес, ерлігі бірақ өзгеше… Арғы бабам Басым елі
