
Арғын
Қотан жырау осылай толғап, талықсып кеткен адамдай қобыз күйін бәсеңдете барып бітірді.
Жұрт тағы да үн-түнсіз тына қалды.
— Мың жаса, атажан, — деді кенет қайратты бір жас дауыс, — Дария тоқтаған бөгетті бұзып, суды тасыту бір адамның қолынан келеді. Мүлгіп тұрған орманға шақпақ тастан от беріп, телегей-теңіз өрт шығару о да бір адамның атқара алар ісі. Сол тасыған суды тоқтату жүз адамның да қолынан келмейді. Тоғайды алған қалың өртті мың адам да сөндіре алмайды. Ерлік көрсетіп ел-елдің арасын бүлдіру қай рудың қолынан болса да келеді.
Бүлінген жұрттың басын қосып, ел ету тек халқына жаны ашыған ұлдарының ғана қолынан келеді. Олардың қолынан әзірге елді біріктіру келмесе де, сол елді біріктіру — арманы. Сол арманды мына қауым алдында жайып сал- ғаныңыз үшін, Арғынның ардақты ұлы, жырау Қотан ата, сізге жас болсам да өз есімімнен алғысымды білдіремін.
Жұрт осы сөздерді айтқан жігітке қарай қалды. Бұл жігіт Жәнібек сұлтанның баласы Қасым еді. Ұзын бойлы, қошқар мұрын, ақ сұр жігіт өзіне қадала қалған самсаған жандардан қайыспай, көзі шоқтай жайнаған қалпында, отырған орнынан қозғалмады. Үстіне бадана көз кіреуке киген, хан алдында суырыла сөйлеген осынау жас батыр кенет жұртқа ұнай қалды. Ал ұнатпағандар Шыңғыс ұрпағына «өзіңнен үлкендер отырғанда, сенің сөйлеуің ерсі» деп айта алмады.
Әбілқайыр оған бажайлай көз тастады. «Бұрын қалай назар аудармай келгенмін, — деді ол ішінен, — Жәнібек сұлтанның мына баласы болайын деп-ақ тұр екен! — Ол ақырын езу тартып жымиды. — әрине, оның дегеніне өзге сұлтандар жеткізсе».
Ойға шомып кеткен Асан Қайғы енді басын көтерді.
— Бейбітшілік әрқашан халықтың көкейкесті мұраты, сен сол халық мұратын көксеп отырсың, Қотан жырау, — деді. Бас бәйге сенікі, — енді ол Қазтуғанға қарады, — елдің елдігін, ердің ерлігін мадақтау о да бір паш өнеге, бірақ ерлік ел шабуға бағышталса езгілікке айналады. Демек, Жейхұн өзеніндей тасыған жырың үшін орта бәйгені саған ұсынар едік, от ауызды, орақ тілді Қазтуған жырау, бірақ ақылгөй Қотан қарт Қыпшақтың өзге елге еткен қиянатын бетіңе басып, тұсаған жылқыдай өрісіңді кеңіттірмеді. Сол себептен әлі де айтылмаған жырың қалған іспеттес. Қыпшақ құр ғана басқа елдерді шауып қойған жоқ қой, өз елін қорғағандағы ерлігін естісек дер едім…
