
Әбілқайыр осы оқиғаларды біраз ойлап отырды да, орнынан түрегеліп терезе алдына барды. Бірақ бірінен соң бірі тізбектелген ауыр ойлар, соңынан ерген жетім күшіктей, қалмай қойды.
«Алтын Орда хандығына талас Батухан ұрпақтарының арасында біткенмен, Жошының өзге балаларының үрім-бұтақтарының ішінде бітті ме?» Дәшті Қыпшақ ханы тағы да ауыр күрсінді.
«Жошыдан қырық ұл, он жеті қыз туған екен. Әрқайсысы бір ұлыс, әттең ауыз бірліктері болмады. Алтын Орда ханы боламыз деп қырық пышақ боп қырылысты ғой бәрі. Соның ішінде тек Бату ұрпағы ғана үстем болып келді. Егерде Жошының үлкен баласы Орда Батудай азулы жаратылғанда көкек әні басқа түрде айтылар еді. Әйткенмен Орда ұрпағының бозөкпе болғаны теріс тимеді. Міне енді, Бердібек сұмның қанды қолы арқылы Бату ұрпағынан бақ құсы ұшып еді, Алтын Орда өзгемізге қалған жоқ па?
Рас, Алтын Ордадағы Сайбан ұрпағы кешірек хан бола бастады. Ал, Жошының он үшінші баласы Тоқай Темір ұрпағы бесінші буынында, Ақсақ Темір көрегенмен алысып өткен Орыс ханның кезінен-ақ бауыр басты.
Игіліктің ерте-кеші жоқ, тек арты қайырлы болсын.
Әбілқайыр қабағы қарс жабылып кетті. Оның сұлу мұртты ағайраң түрінде бір орасан қобалжу сезілді. Ханның бүйтіп жан-жағына үрке қарап, көңіл күйінің өзгере қалуының аужайы көп еді.
Қос қолы қызыл қанға боялғанына қарамай, он жеті жасар Әбілқайырды азулы тілектестері Дәшті Қыпшаққа хан етіп ақ кигізге көтерді. Бақ құсы басына қонып, ақ түйенің қарны жарылды. Бірақ адамның бағы көтерілген сайын, жауы да көбейеді. Бұған Жошының өзге ұрпақтарының арасындағы көкіректерін ежелден жегідей жеп келе жатқан бақ күндестік, ел билеуліктен туған талас кеселдерінен басқа бөтен де себептер қосылған.
Біз әңгіме етіп отырған бір мың төрт жүз елу алтыншы жылы осы талас жарға тіреліп тасығалы тұрған өзендей шеңберіне әбден жеткен кезі еді. Әбілқайырдың сескенетін жауы екеу: бірі — Орыс ханнан туған Құйыршық ханның баласы Барақ ұлы Жәнібек пен оның үш аталас туысы Керей.
