Тәуке өлгеннен кейін Абылайдың ызғарынан ыққан іні-ағаларының бірі Сайрамға, екіншісі Ташкентке қашты. Тек Түркістанда, көп нөкерінің қоршауында қала хакімі Құдайберді баһадЇр қалды. Абылай нөкерлерін ертіп түн жамылып Құдайберді сарайына келді, бірақ жанашыр адамдары хабар бергендіктен ол Сайрамға қашып құтылды.

Құдайберді баһадЇрдің қаша алмай қалған емшектегі жас баласы мен зайыбы Айымбикені өз місетіне тиген үлес санап, қараңғы лабазға апарып тықты да, тірі жанға ләм-мим деп тіл қатпай, таң әлетінде төсегіне кеп жатты.

Таңертең шайын ішіп болғаннан кейін, кешегі нөкерлерімен Құдайберді баһадЇрдің сарайына кеп орналасты. Хакімнің бөлмесіндегі қырмызы қызыл кілемнің үстіне кеп малдасын құрып отырды да:

— Бүгіннен бастап, Түркістанға мен қожамын! — деді тұнжырап. Есікке таяу жақтағы серіктері шуылдап қоя берді:

— Иә, тақсыр, енді сіз қожасыз, — деді.

— Сендер енді менің нөкерлерімсіңдер, — деді жаңа хакім.

— Иә, тақсыр, біз сіздің нөкерлеріңізбіз.

— Мен тұр десем — тұрасыңдар, өл десем — өлесіңдер.

— Тұр десеңіз — тұрамыз, өл десеңіз — өлеміз!

Бұл содыр, сотқар бұзықтардың өздерінше берген анты еді. Абылай:

— әрқайсыңа олжа тағайындадым. Оны кеш әлетінде естисіңдер. Ал бүгін менің Түркістанға ие болған құрметіме үлкен той жасалсын! — деді.

— Құп, тақсыр, той жасалсын!

— Той Құдайберді баһадЇрді қолдайтын адамдарды бауыздаудан басталсын!

Бірақ бұл қан сасыған той басталмай қалды. Кенет қонақ үйдің есігі тарс ашылды да, қолына найзасы бар, сауыт киген алып денелі жас жігіт кіріп келді. Бұл Найман батыры Қаракерей Қабанбай еді.

— Жау келе жатыр, Абылай сұлтан!

— Қайдағы жау? Қанша?

— Жоңғар қонтайшысы Сыбан Раптан! Жетпіс бес мың әскері бар!



14 из 313