
Тәуке енді Абылайдан өзі шошына бастады. «Бұл қалай? — деді ішінен, — әлде Алтын хан елі менің ұлымның орнына бөтен біреудің қанқұмар баласын жіберді ме? әлде менің кейбіреуге істеген қиянатым үшін құдай маған жаза ретінде осындай баланы бергені ме? — Тәуке аң-таң. Тек Тәуке бір-ақ адамды ұмытқан: Бұл қанды көз Уәли сұлтанның баласы еді.
Тәуке енді Абылайды көрген сайын, өз балаларының басына бір ажал қылышы төнгелі тұрғандай, мазасыздана берді. Кенет ханның есіне көкек балапанының қылығы түсті. Дүниеде көкек құстың жүз жиырма алты түрі бар. Солардың сексен екісі жұмыртқасын басқа құстардың ұясына тастап кетеді. Ол құсты аңдып тұрып, жем іздеп кеткен кезінде, ұясына ұшып келіп, басып отырған бір жұмыртқасын алып кетеді де, орнына өз жұмыртқасын тастайды. Қайта ұшып келген құс көкек жұмыртқасын өзінікінен айыра алмайды, балапан боп, аузын ашқанда да жем береді. Бұл құстың жейтін жемі де өзінің анасының жемімен бірдей болғандықтан, көкек балапаны да өсе береді. Ал осы жұмыртқасын бас- қа құстың ұясына салатын көкектердің балапаны да тасбауыр келеді. Ол жем- қор, ашқарақ боп жаратылады. Қауызын жарып шығысымен-ақ жұмыртқадағы өзге «бауырларынан» тез құтылуға тырысады. Мұндай көкек балапаны өзге балапандардан қауызын бұрын жарады және қауызынан шығысымен-ақ ұядағы өзге жұмыртқаларды біртіндеп ұяның шетіне апарып, жерге құлатады. Сөйтіп жемге ортақ болатын өзге балапандардан жұмыртқа күнінде-ақ құтылады.
Тәуке Абылайды өле-өлгенше, көкектің балапанындай жат санап кетті. Бірақ әкенің бір затқа көзі жетпеді. Қанішер Абылайдың баласы Уәлиден әбілмансұр деген ұл туып, ол он сегіз жасында «Абылайлап!» жауға шауып, қанішер атасының атын әлемге жаятынын білмеді. Қазақтың «Абылай» атаған әйгілі ханы осы әбілмансұр еді. Оған әйгілі Абылай аталуға әлі көп уақыт бар. Ал әзірге атасы «Қанішер» Абылай қанқұмарлы құлқыменен Түркістан маңын шошытумен болды.
