— Ұрыс қалай жүріп жатыр? — деп сұраған.

Әйел өңдес, қу тамырдай қатып-семіп қалған, көсе қара әскер басы иіле тәжім етіп, жауап берді.

— Алдияр тақсыр, әлі итжығыс түсіп жатырмыз. Екі жақ бірдей қырғында. Біздің шығынымыз көптеу.

Әскер басы өзек жарған шындығын айтқан. Боғдыхан шаршы топтың алдында өз әскер басын мұқата сөйледі.

— Ақымақ, — деді ол, — үш ғасыр бойы алысып Тан династиясы жеңе алмаған бұл тайпаны сен жеңем деп ойлап па едің?

— Алдияр тақсыр, соғыс деп бұйырған өзіңіз ғой.

— Соғыс дегенде мен саған осылай соғыс деп пе едім? Бүйтіп сен оларға тізе көрсетіп, бетін қайтара алмайсың. Одан да өзің былай тұр да, күнде шабуылдап мазаңды ала берген ойрат тайпасын жап. Екі жұрт бірін-бірі ала алмай, әбден әлсіреп, енді тентіреп кетуге айналғанда, сен бір бүйірден шыға кел де, екеуін екі бүктей салып, бос қалған жерін басып ал…

— Алдияр, — деді анау басын бұрынғысынан да төмен иіп, — қалжыраған ойратты олжалау қиын болмас. Ал қазақ жұртын олай құртып, жерін оп-оңай басып ала аламыз ба? Ар жағында бізден күші басым Луссия көршісі бар ғой. Ол бізге қазақ даласын көпе-көрнеу талатып қоя ма?

— Луссия үшін құса болма. Қазақ жері өгіздің талысындай мол, бәрімізге де жетеді. Біз Ертістің жоғарғы тұсымен Жетісу, Түркістан уәлиетін, Шығыс Түркістанды тегіс баурымызға басамыз… Қысқасы, Көкше теңіздің оңтүстік жағасына дейін біздікі, солтүстік жағасы Луссиянікі болуы керек-ті.

— Сонда қазақ елі қайда қалады?

— Көкше теңіздің түбінде! Жоңғар тайпасын қалай құртсаң, қазақ жұртын да сондай етіп құртасың!

— Құп, тақсыр.

Бірінші бӨлім



2 из 313