
І
Қазақ елі бұл кезде көкпарға тартуға дайындалған серке тәрізді еді. Жан-жағынан анталаған қай жауының тақымында кетеді? әлде өзара қырылысқан хан, сұлтандар қанын сорғалатып, біреуі — аяғын, біреуі — қолын, біреуі — басын қанжығаларына байлап әкете ме, кім білсін?
Ел басына төнгелі келе жатқан мұндай ауыр кезеңді дұрыс ұғып, терең болжап, болашақ тарихы мен тағдырының төрт жағынан бірдей соққалы тұрған сұрапылдан халқын құтқарар кімі бар?
Мұндай жанталаста халық алдыңғы шепке ең алдыменен өзінің тәжірибесін, ақыл-парасатын, табандылығын салуға тиісті. Өйткені қазақ елін көкпар етіп ала қашуға дайындалып жатқан ең бірінші қасы оған айқын еді.
Шыңғысхан құрған монғол хандығының ғұмыры екі жүз жылға жетпеді. Бір кездегі ұлы көшпелі мемлекет — Қарақұрым ордасы Құбылайдың тұсында Пекинге көшісімен-ақ монғол хандығы делінуден қалды. Құбылайдан кейінгі Қытай боғдыхандары енді өздерін Шыңғыс мұрагерлері санап, монғолдың атамекен көне қонысы түгіл, «Бар әлемді тітіретуші» жирен сақалды ханның жаулап алған жерлерін де бауырларына басқысы келді. Бұлар енді бір кезде ұлы Қытай империясын Шыңғысханның күшпен жаулап алғанын, оның көп шаһарларын тып-типыл етіп қиратып, егістік даласын малға жайылым еткісі келгенін ұмытты. Ал монғол жеріндегі ұлы Қарақұрым хандығы да бөлшектене бастады. Өзара қырқыс, жанжал бір жағынан, күнгей үрдісінде пайда болған манчжур хандарының ұзақ жылғы ұрыстары екінші жағынан берекесін алып, бұлардың бұрынғыдай іргелі ел болып отыруына мүмкіндік бермеді. Оның үстіне негізгі кәсібі мал бағу болған, әр аулы әр бөлек қонған монғол шонжарларына қыс — қыстау, жаз — жайлау жетпей, елге қоныс, малға өріс тапшылығы тағы бір пәле болды. Әсіресе батыс монғол тайпалары — Чорас, Ойрат, Торғауыт, Төлеуіт рулары Қытай боғдыхандарының тегеурініне шыдай алмай атамекен қоныстарын тастап, жер іздеп босып кеткен. Бір бөлегі Сібір жеріне, қалғаны Ертіс бойына, Тарбағатай тауына қарай ойысты.
