Қалмақ аталған бір бөлегі жер іздеп, көше-көше тіпті Еділдің төменгі сағасына өтіп кетіп, Айдархан (Астрахань) маңайында көшпелі аймақ боп тұрып қалды. Батысқа қарай ығысқан бұл елдерді Қытай боғдыхандары Сібірге, қазақ жеріне және Орта Азияға өзінің ықпалын жүргізудегі алдыңғы шебі деп санады. Ал бұл зұлымдық саясатқа көнгісі келмей, өздеріне қарсы шыққан кей қонтайшыларды ауыл-аймағымен, бала-шағасына дейін қалдырмай қырып тастап отырды. Енді Қытай зардабынан қорыққан жұрт ойысып кеп, Тарбағатай тауын, Іле өзенінің сағасын, Жайсан (Зайсан) көлінің өңірін мекендеді.

Осы арада олар аман қалған руларын жинап көшпелі мемлекет — Жоңғар хандығын құрған. Бір мың алты жүз отыз төртінші жылы бұл хандықтың қонтайшысы боп Хара-Хұла батырдың баласы Батур сайланған. Бұл қонтайшының маңына енді Енисей, Ертіс өзендерінің жағасын жайлаған монғолдың басқа да ұсақ рулары жинала бастады. Өстіп Жоңғар хандығы үлкен күшке айналған. Ол өзінің ордасын Зайсан көлінің жағасына көшірген. Дәл қасында пайда бола қалған көшпелі жауынгер мемлекетке Қытай саясатшылары енді қобалжи қарады…

Батур қонтайшы өзі өлгенше орыс патшаларымен тату бола отырып, Жоңғар хандығын күшейтуді арман етті. Батур негізгі саясатын Қытай боғдыхандарының ақылымен Оңтүстік Сібір мен қазақ жерін алуға құрды. Алдымен ол Тәуекел ханмен, соңынан Есім ханмен сан айқасты, бірақ дегеніне жете алмады.

Батур өлгеннен кейін оның орнын үлкен ұлы Сэнгэ, содан кейін кіші баласы Қалден басты. Қалден Қытай императорының жарлығы бойынша осы кезде бас көтеріп ереуілге шыққан, өздерімен қандас Шығыс Монғолияның орта шарқы руларын аямай қырды. Бұл ара енді құлазыған қу далаға айналды. Сөйтсе де, жоңғардың қарақұрым боп өсіп келе жатқан мал басына жайылым тағы таршылық етті. Сонда барып Қалден Бошұқты Жоңғар хандығын Қалқа өңірін қосып алып, кеңейтпек болды. Осы саясатпен ол қонтайшы ордасын Іле өзенінің жағасына Тувадағы Хемчик өзенінің бойына, соңынан Қобда өзенінің төменгі сағасына көшірді.



4 из 313