
Бірақ, сонау Қытай шекарасынан көшіп келген қалың Жоңғар елі бір Іленің бойына сияр ма, әрине, сыймайды. Қалайда қоныс кеңіту керек… Осы кезде Канси қаза тапты. Бірақ Канси өлгенмен, оның қалың әскері қалды. Жоңғардың Қытайға күш-қуаты жетпейді, жармасары баяғы үйреніскен жауы, қазақ елі. Олардың жүз мың атты әскеріне қазір қазақтың төтеп берер жайы жоқ. Әрине, бұл кездегі Жоңғар әскері Қалден кезіндегі шоқпар, сойыл ұстаған жабайы, тағы әскер емес. Әскер сапын Европа тәртібімен құрған, соғыс тәсілін европаша жүргізе алар зеңбірегі, білте мылтығы бар. Оған Жоңғар жауын- герлерінің ғасырлар бойғы ұрыс-соғыс тәжірибесін, төзімділігін, жанкештілігін қоссаңыз қандай күшке айналады.
Жоңғар әскерін мұндай мықтылыққа жеткізген Сыбан Раптан, оның жауынгер баласы Қалден Церен мен жалдама Қытай әскери мамандары еді. Бұған швед офицері Иоганн Густав Ренат та аз үлес қосқан жоқ. Ол Жоңғар жасағы Бухгольц экспедициясын құртқан ұрыста Өскемен бекінісінің жанында қолға түскен кіші офицер еді. Осы унтер-офицер Сыбан Раптан әскерін Европа тәртібімен құруды, соғысты Европа әскерлерінің әдісімен жүргізуді үйретті. Ойрат ұсталарына зеңбірек құйдырды. Жоңғар елі білмейтін өнерлермен таныстырды, тіпті баспахана да ашты. Осындай он қолынан өнері тамған, көп ғылымнан хабары бар Ренат пен Қытайдың жалдама мамандары Жоңғар әскерін соғыстың жаңа тәсілдерімен таныстырды. Енді олар Орта Азия, қазақ жауынгерлеріне жат, жан шыдаспас айбарлы күшке айналды.
Бұл тұста «Үлкен Орда» ханы болып, Жәнібек ханның кенжесі Жәдек ұрпағы, Тәуке ханның бәйбішесінен туған Болат отырған. Бірақ, бұл бозөкпе, ел басын біріктіріп жауға қарсы қоюдың орнына, Орта жүздің азулы руларының таласынан аса алмай жүрген шөре-шөре хан. Өзі көптен ауру, көп істі немере інісі Сәмеке атқарады. Кіші жүздің ханы — Абдолла сұлтанның баласы Әбілқайыр, Ұлы жүздің ханы Жолбарыс — Әбілқайырмен әкесі бір, шешелері бөлек. Бұ да расында қадірі бәлендей күшті кісі емес. Орта жүзге кіретін қалың Найман, Жоңғар хандығымен іргелес, өз алдына жатқан бір тайпа ел. Бұлардың басшылары — Сібір хандарының ұрпағына жататын Бөкей ханның шөбересі Тұрсыннан туған көкжал бөрі Барақ пен Күшік сұлтандар.
