Бұның алдында Түркістанды астана етіп, Үлкен Орда ханы боп Есімнің немересі Жәңгірден туған Тәуке отырған.

Тәуке!

Ол күшейіп келе жатқан Жоңғар хандығының қазақ еліне өте қауіпті екенін бірден түсінді. Сондықтан да Тәуке Россиямен қарым-қатынасын жақсартып, оған арқа сүйемек боп, бірнеше рет әрекет еткен. Бір мың жеті жүз екінші жылы-ақ Өскемен бекіністеріне қазақ елшілерін жіберді. Бірақ оларды жолай ойраттар ұстап алып өлтірген. Содан он үш жыл кейін Тәуке қарым-қатынасымызды жөндейік деп, орыс патшасының қарамағындағы Уфа қаласына Тайқымұрын биді бас етіп елшілерін қайтадан аттандырды. Бірақ Уфадан хабар келгенше, көп жылдардан бері сырқат Тәуке бір мың жеті жүз он бесінші жылдың аяғында қайтыс болды.

Тәуке басынан талай айқасты өткізді. Түркістан Сайрамды аламын деп қалың қолмен келген Бұхара, Қоқан, Хиуа хандарына төтеп бере алды. Әсіресе, Тәуке Жоңғар нояндарымен көп алысты. Бұл айқастарында ол үнемі қырғыз елімен бірге болды. Қырғыз манабы Тиес әрқашанда Жоңғарға қарсы Тәукемен бір сапта шықты. Қазақ, қырғыз арасында Тәуке хан мен Тиес манапты бөлмей, екі халықтың достығының бейнесі етіп, Тәуке — Тиес деп, қосақтай атады. Тәуке хан кезінде қырғыздың көп-көп ауылы қазақ ауылдарымен аралас, әндижан маңайын, Шу, Шарын өзендерінің бойын жайлады.

Сол кездегі қазақтың алғыр билері — Қаракесек руынан шыққан, отыздардан жаңа асқан қаз дауысты Қазыбек, Үйсін Төле билер, әз Тәукенің ордасына жиі келіп, ханның ел билеу ісіне арналған атақты ережесі «Жеті жарғысының» жазылуына көмектесті. Сонау Баянауланы жайлаған қалың Қаржасқа жататын Алтынторы руынан аты шулы Қалқаманұлы Темірғали — Бұқар жырау жиырма бесінде әз Тәукенің ордасына кеп, сарай ақыны атанды. Тәуке хан алпыстан аса беріп дүние салғанда, бар қазақ аза тұтып, ардақтап оны Қожа Ахмет Яссауидың мазарының түбіне қойды.



7 из 313