
— Біз айыпты емеспіз, — деп ақсақал жауап беріп, төмен қарады. — Үйірден саяқ қана бөлек жайылады. Өзен қайда құйса, тамшысы да сонда құяды.
Тілмаш ашуланып қалды. Сөйтсе де сыр білдірмей:
— Алтын, Алтай, Тоқа, Уақ босты деп сендер де босқыларың келді ме? Азғырғанға еріп азайын дедіңдер ме? Саржан сұлтан ту көтергелі, жұрт та ат үстінен бір түскен жоқ. Қанша ауыл қырғынға ұшырады. Тоқтайтын уақыттарың болған жоқ па, кілең есуас?
Шал ауыр күрсінді.
— Жаңа өзің айттың ғой, Алтын, Алтай, Уақ, Тоқа ана жаққа кетті деп. Сынықтан бөтеннің бәрі жұғады ғой. Олардың үлгісімен өзгелер де киімін пішпесін қайдан білесіңдер?
— Сонда ақ патшаға, аға сұлтандарға қояр кінәларың қандай?
— Шырағым, ел тыныштығын жоғалтқан бір аласапыран заман болып кетті емес пе, — деді ақсақал уһілеп, — жылы-жылы сөйлесе жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесе мұсылман діннен шығады. Біз бір мал баққан момын елміз. Ауыл үстінен атылған мылтық тек қана жылқыны үркітпейді…
— Ол мылтықты атқыздырып жүрген өздерің емессіңдер ме?
— Сонда бізге қой болып қырыл демексің бе?
— Қолыңнан қой болудан бөтен келмесе, жаз жайылымыңды, қыс қыстауыңды біліп жайыңа жүрмейсің бе!?
— Жайыма жүруге қойып тұрсың ба? — Қария тілмашқа оқты көзімен қарады. Қотан жанына қасқыр апанын қазса, қойда не ес қалады? Сыпайларының шошайған мылтықтары жеріме салынып жатқан анау бекіністер сол қас-қырдың апандары емес пе?
— Өздерің үндеріңді шығармасаңдар, олар да мылтықтарын шошайтпайды.
— Ал үнімді шығарсам ше? Бауыздайын деп жатқанда ешкі екеш ешкі де бақырып өледі. Сен бізге сол ешкі құрлы болма дегенің бе? Жоқ, шырағым, жерімізді жыртып, өзенімізден балығын аулап жүрген мұжыққа қамшы көтерген бір де қазақ жоқ шығар. Ал қылышын сүйретіп есіктен кіріп төр менікі дегендерге…
