— Алға, жігіттер! — деген қатты үн шықты, Сейтеннің есік пен төрдей тоқпақ жалды қара көк айғырын ойната Ожар өзгеден бөліне берді. Басында орамал, білегін сыбанып алған. Қолында жалаң қылыш, шабатын қасқырдай екі көзі оттай жайнайды.

— Өлсек шәйітпіз, өлтірсек бәйітпіз, — деді ол тағы да күшті дауыспен, — кәне, еріңдер соңымнан!

— Ожар! Баста, Ожар! — деді аттарына мініп үлгірген кей жігіттер.

Ожардың қасына шоғырлана қалған, тастай түйілген шағын топ «А, құдай!», «Аруақ!», «Айдабол!», «Қаржас!» деп біріне бірі ұрандаса жел беріп, сойылдарын көтере, қарсы жаққа лап қойды. Алдарында Ожар. Бірақ ол қарсы шепке жетер-жетпестен атының жалын құша құлады.

Мылтықтың суық үніне үйрене қоймаған есіл ерлер, қолбасшыларынан айрылған соң бөгетке келіп қарқыны басылған толқындай, жау шебіне таяй түсіп шашырана тоқтады. Кейбіреулері аттарының басын бұрып алып, кейін қарай шапты. Қылышын көтеріп үстіне төніп келген қуғыншы жағының екі жауынгеріне, жерде домалап жатқан Ожар зекіп:

— Түсіңдер аттан, иттің балалары! — деді. — Байлаңдар тез менің қолымды! Апарыңдар тез Сейтеннің қасына… Қалаға таянғанда босатарсыңдар, елден шыққанша бірге ұстаңдар!

Ожардың қолын артына байлап, у-шу болған жұрттың қақ ортасымен, бір шетте тұрған Сейтенге апара жатқанда ол әлдекімнің:

— Арманда кеттіңдер-ау, қос арысым! — деген күңіренген даусын естіді.

Ожар аңқау елдің бетіне қарауға жүзі шыдамай, аяғын шалыс басып өте берді… Таланған, шабылған көш, жүнін жұлған тырнадай боп бар сәнінен айы-рылды. Енді кейін қайтарылмақ болды.

Суық мылтықты, кәрлі қылышты әскер жасағын басқарып келген есаул Лебедев ысқыра қамшысын үйіріп, қасқыр шапқан қойдай ұйлығып қалған жұртты кең алаңға жинады да, жанында тұрған Қоңырқұлжа аға сұлтанның кіші баласы сары ала түймелі Шыңғысқа жирен мұртын тікірейте ежірейіп:

— Қайда қашып құтылмақ? Сұра мына шалдан, — деді бағанағы көш бас- қарған инабатты ақсақалды көрсетіп, — патша ағзам жарлығынан құтылу, ажалдан құтылумен бірдей.



15 из 348