— Өлтірді ғой сорлыны! — деген әйелдің ащы даусы шықты.

Дала тағы да тына қалды. Ызалана соққан қалың жұрттың жүрегін теңіз толқып, қайық қалқып тыңдағандай, бар әлем көрген сұмдығынан шошып бұлқан-талқан болуға таяу.

— Мына едірейген мысық мұрттың ұрғанына өкінбеймін, — деді Абзал шал бетіндегі қанын сүртпей, — сары ала түймелі сұлтан ұрпағы, қаным бір қазағым едің, сенің араша түспегеніңе өкінемін.

Сөйдеді де Абзал ең ақырғы күшін жиғандай өздерінің келген жағына қарай аяғын ілби басып жүре берді.

Жұрт тағы да соның соңынан ерді.

«Ел көзінше шалды бекер ұрды-ау мына есалаң жасаул» деді ішінен Ожар, көп тебінсе — жер сілкінеді, қиянатты көзімен көрген жұртты басу қиын. Бүгін Сейтенін ұстасаң, ертең басқа біреуін табады. Ел болып бірігіп патшаға қарсы тұруға тек ата салты, ел дәстүрі бөгет болып жүрген жоқ па. Әр рудың, әр болыстың өз көсемі бар. Біріне бірі көнбейді. Ал бәрінің басын қосатын көсем табылса не болмақ? Қазақ асау жылқы тәрізді, кім үйрете білсе, соны ғана ие тұтады. Сондай адамы табылса, мына жұрт соңынан шұбыра жөнелуге дайын…»

Бір арқанмен байлаулы тұрған Сейтен мен Ожардың тұсынан «қош, қос арыс!» деп шұбырған көштің ең соңғы шоғыры өте берді. Ожар тағы да ойлана қалды. Іштегі қуаныш сыртқа шығуға дайын тұр.

«Менің бұлай қолға түскенім дұрыс болды. Аз уақыттың қорлығы әлі-ақ ұмытылар. Ал қиянатымды білсе мына жұрт…»

Он шақты сыпай көшті айдап, Баянауыл жаққа кетті де, қалғандары байлаулы Сейтен мен Ожарды алып Омбыға тіке тартты.

Бұлар үш күннен кейін, Баянауыл округінің Сібірмен шектес Төрткөл болысының жеріне жетті. Қаз-үйрегі сыңсыған, әлі де шалғыны қурап сембеген бір ауылға келіп түнемек болды. Бұл осы маңның ел ағасы Бектас баласы Таймастың аулы екен. Таймас ұзын бойлы, денелі ақ сары кісі. Қаржас руына жиен. Айдалып келе жатқан Сейтен мен Ожарды көріп ауылдың құты қашып, әбігер болды да қалды.



18 из 348