Түстері суық, қисық қылышты, шошайған мылтықты солдаттар ауыл үстінен ат ойнатып зәрелерін ала түсті. Бойын қорқыныш билегенмен жұрт ебін тауып, Сейтенге келіп амандасып жатыр. Көптен бері ұйқы көрмегендігінен бе Сейтеннің үлкен қоңыр көздерінде таусылмас қайғы-шер күлкілдеп тұр. Екі қолы артына мықтап байлаулы, үстіндегі ақ жібек мол көйлегінің жағасы дал-дал, әр жерінде баттия жабысқан қызыл қан… Қолға түскеннен кейін ұрған болулары керек, қомақты жұлынған омырауының ашық жерінен кеудесінің көк ала еті көрінеді.

Кешегі ел-жұртының қамын жеп ақ патшаға қарсы шыққан адамның бүгін мұндай сұмдыққа ұшырауы Таймастың жан сезімін өртеді. Оның мұндай күйге түсердей не жазығы бар екенін білгісі келді. «Барлық айыбы жұртына қамқор болғаны ма? Ақ патшаның тегеурініне көнгісі келмегені ме? Егер бар күнәсі сол болса онда мұндай мүсәпірлікке ұшырайтын жалғыз Сейтен ғана ма? Аң да, құс та өз інін, ұясын қорғайды. Адам неге өйтпеуі керек? Өз мекенін, өз жерін неге қорымасқа? Сондай бір әділ қылығың үшін де айыптысың ба? Жоқ, айыпты емессің».

Таймас Сейтенмен қанша сөйлескісі келсе де реті түспеді. Тұтқынды қалт етпей күзеткен сыпайлар жуытпады. Лебедев пен Шыңғыс екеуі ауыл төңірегіне де, Ожар мен Сейтен жатқан үйге де сақшы қойды. Өзге сыпайларын да алыс- қа ұзаттырмай сол маңайдағы көрші-қолаңдардың күрке, лашықтарына орналастырды.

Түн жылы еді. Лебедев Таймасқа өз үйінің іргесіне төсек салып жатуға рұқсат етті.

Түн тастай қараңғы. Үстіңнен түйе жүн қалың көрпе жауып қойғандай тымырсық ыстық сезіледі. Қобалжи тынышталған ауыл мызғымас бір өлік тәрізді, тек анда-санда қаңтарып суытып қойған сыпай аттарының пысқырғаны мен күзетшілердің еміс-еміс күбірі естіледі. Басын шырмаған алуан ой, қанды ай- қаста қолға түскен мынау Сейтен мен Ожардың аянышты халдері мазалап, Таймас көз ілмей дөңбекшумен болды.

Кенет құлағына бір күйзелген, күңіренген қоңыр дауыс келді. Таймас тыңдай қалып еді, бұл — «Елім-ай» әуенімен зар-өлең айтып жатқан Сейтен екенін білді. Таймас тына қалды. Енді Сейтен салған ән сөздері айқын естілді.



19 из 348