
Көш жүрісі шұғыл. Пысқырған жылқы, анда-санда боздаған түйе. Үстіне қауырт келіп қалған мал тұяғынан сасып, қияқ пен ши түбінен пырылдай ұшқан бөдене мен жапалақ.
Асыға қимылдаған қыруар ел ылдидағы масағы кере қарыс қалың балқурай көмкерген айдын көлге қарай беттеді… Таң әлетінен жау қуғандай жөңкіген жұрт бір жаманатты аңғартқандай. Оларды қоршауға алып, суыт келе жатқан сойыл-шоқпар ұстаған жүзден артық ер азаматтар тобы бар. Бәрінің де астында сүмбілдей сәйгүлік жүйрік, шайқала ырғалған жорға. Түстері суық. Шекпен-шапандарының етек-жеңі түріңкі. Бұлардың ішінде қайыңның безіндей берік, қазан тастай шомбал, төртпақ келген біреу ерекше көзге түседі. Астында есік пен төрдей, ай табанды жайма жал қара көк айғыр. Тақымында келте шоқпар, қарына темір бауырлы қайың сойыл ілген. Үлкен өткір қара көзді, ұзын, қою қара мұртты адам. Таңмен бірге ашыла түскен қара сұр жүзі ақ сұпыдай. Бұл осы көштің басшысы, Баянауылдағы Қаржастан шыққан Азнабай ұлы Сейтен. Қазіргі беті Балқаш көлінің маңындағы кең алқап. Ал арғы мақсаты осыдан үш жыл бұрын Алтын, Алтай, Тоқа, Уақ руларының қырық мың шаңырағын ертіп Қоқан хандығы қарауындағы Сыр бойына өтіп кеткен Қасым төренің балалары Есенгелді, Саржанға қосылу.
Сейтенмен үзеңгілес түксиген қабақты, кескен томардай келте қара сұр жігіт келеді. Сары ала қынапты қисық табан келте қылыш тағынған. Кісі өлтірген адамдай түсі зәрлі. Бұл Қубет ұлы Ожар. Бір кездегі барымтаға да, жауға да қатар шапқан Сейтеннің үзеңгілес досы. Соңғы үш-төрт жыл ішінде Ақмола аға сұлтаны Құдайменденің Қоңырқұлжасының қасында болып, жақында ғана өз еліне қайтып келген.
Маңыраған қой, мөңіреген сиыр, кісінеген жылқы үніне дабырлай сөйлеген адам даусы қосылып, таңертеңгі табиғаттың бейкүнә тамылжыған шырқын бұзып, кең даланы басына көтерді. Жасыл құрақ арасында бұйығып жатқан топ елік орындарынан үрпиісе түрегеліп, көл жағалай зыта жөнелді… Інінен жаңа ғана шығып, таң намазын оқыған молда тәрізді, шоқиып отырып алып, шақылдай жөнелген семіз суыр дабырлаған үнге сәл құлағын түріп тыңдай қалды да, кенет қалың ши арасына кіріп жоқ болды. Беймезгіл келген жұрттан сескенген көл үстіндегі құс у-шу, абыр-сабыр.
