Көл жағасына дамылдаған көш түйенің қомын алмай, қазан көтеріп ас ішпей, сәл тыныстады да қайта көтерілді. Су маңайы бір әуенге түскен кезде шомбал қара Ожар қайтадан Сейтеннің қасына келді. Астындағы төрт аяғы тең жорға қара көктің тізгінін тежей түсіп, кеше тәмәмдай алмай қалған әңгімесіне қайта кірісті.

— Ата мекен Көкшетауын тастап, Қасым төре неге Қоқан хандығына қарай көшті? — деді ол сөзін алыстан қозғап. — Қазақта мақал бар емес пе «Бөтен елде сұлтан болғаныңша, өз еліңде ұлтан бол» деген.

— Қасым төре қай жерде жүрсе де сұлтан, — деді Сейтен жақтырмағандай алая қарап. — Бүлік басы бұзықта дегендей, пәле ақ патшаның Жылқы жылғы ұстабынан

— Иә?

— Ұстап деген атының өзінен расында жан шошырлық… Ақ патшаның уысында ұстауға шыққан заң екен соның өзі… Осы ұстап бойынша Орта жүз сегіз өкірге бөлінді емес пе… Әр өкірге бір рулы елдің он бес-жиырма болысы кіреді. Әр болыста он-он екі ауыл. Әр ауыл Арқа жерінде, өзіңе белгілі, жүз қаралы үй. Ауылды үш жылға жұрт сайлаған старшын, ал болысты Шыңғыс тұқымынан шыққан сұлтандар басқарады. Өкірге үш жылға сұлтандар сайлаған аға сұлтан ие…

— Япырмай, ә, ақ патша өкірді қазақтың аға сұлтандарына басқартқандағы ойы: өз қотырын өзі қасып жатсын дегені ме екен?

Сейтен ақырын мысқылдай күлді.

— Ұшқалақтанбай тұра тұр. Ақ патша қазақ ісін екіге бөлген. Бірі — ауыл арасындағы жесір дауы, алыс-беріс секілді кәкір-шүкір. Мұны ақсақалдар мен билер өзі шешсін деген. Екіншісі — кісі өлімі, барымта, үкіметке бағынбау тәрізді ауыр күнәлар. Мұны аға сұлтан басқарған өкірлік пірказ қарайды. Өкірлік пірказ екі патша қызметкері және екі жылға сайланған екі қазақ жәсиәтірден



3 из 348