
Қош аман бол, кең жайлау, өскен жерім,
Қайтқан қаздай қалың ел көшкен жерім.
Есіл қазақ есейіп ел бола алмай,
Ит пен құсқа таланып өшкен жерім, —
деп күңіренеді ол.
Сейтен тағы да айтпақшы еді, Ожардың сәл ашулы даусы оны бөліп жіберді.
— Сейтеке, ішке сыймай бара жатыр ма күйігіңіз?..
Сейтен қолға түсер сәтте көзі көрмесе де, даусын шырамытып, өзін байлағандардың бірі Ожар деп ұққан. Бірақ оның да мұндай күйге түсіп, өзіменен бірге айдалынып келе жатқанына таң қалып ол ойынан қайтқан. «Япырмау, бұған даусы ұқсас кім болды екен!» деп басы қатқан. Әйткенмен күпті көңіл ырық бермеді, сөз тартып сыр ашқысы келді. Енді ол алыстан орағытып сөзге кіріскен:
— Ожар, айтылмаған өкпе — іште жатқан Ескендірдің қос мүйізімен тең…
— Шер тарқатар уақыт болар әлі.
— Уақытымның бітуге айналғанын біле тұра, кекетесің ғой, — деп Сейтен сәл ашулана күліп ақырын ғана күрсінді де сөйлеп кетті. — Боз торғайдай кішкентай болғанмен биік ұшар халқым бар еді, сол сорлыны бір құзғын іліп кетпесін деп, ана жылы жалғыз бауырым Тайжан ақ патшаға қарсы жасақ құрғанда сен де келіп қосылып едің…
Ожар жауап қайырмады. Тайжанның да қолға түсуіне Ожардың себепкер екенін Сейтен білмейтін. Сондықтан «Жазықсыз болса ренжітпейін» деп ақтарыла сөйледі.
— Жұртың үшін жан пида ете аларыңа сол кезде көзім жеткен тәрізді еді. Құмбелдегі ауылдан бастап, кәрлі қылыштың қаһарынан талай елді аман алып қалдыңдар. Есіңде ме, жау әскері сендерді Қаражал бұйратындағы жылғаға қуып тыққаны? Сендер онда Саржан төлеңгіттерін арғы бетке шығарып келе жатқан едіңдер. Сен жүздігіңмен кәрлі қылышты екі күндей бөгеген болатынсың.
Сейтен сонау бір алыс күнді есіне түсіргендей тағы ақырын күрсінді.
— Басар жерің көк мұзға айналып, қатын біткен Баян тауының өрлеуіне киіз төсеген. Сол жолы екі жүздей шаңырақты қорғап қалдыңдар… Әттең, дүние-ай, қияңқы қыс қаһарлы келіп, баспанасыз жалаң жұрт сол жұт жылы ажал тапты…
