
Осы жарлық бойынша қолға түскен қыз балалар шоқындырылып, әйел жынысына мұқтаж семьяларға тапсырылуға тиісті. Асырап алған адамдарға азық-түлік ретінде он бес жасқа толғанға дейін көмек көрсетіліп, ал қыз балаларды әкелген кісіге қолма-қол он бес сом сыйлық берілетін.
Міне осы жарлық Сейтеннің туған інісі Тайжанның жеті жасар қызы Алтыншашты да қармаққа түсірген еді. Тайжан патшаға қарсы ереуіл ұйымдас-тырғаны үшін бес жыл бұрын Омбы Орданс-Гаузе сотының үкімімен өлім жазасына кесілген. Оның ер жетіп қалған үш ұлы Сібірге Туринскіге айдалған. Белгісіз адамдар беймәлім жаққа әкетіп бара жатқан ағаларының соңынан қалмай шырылдап жүгірген жеті жасар Алтыншашты қарауыл басы офицер иемденіп, Омбыдағы бір сәудегерге сатқан-ды. Жас қыздың көркіне таң қалған Сібір корпусының штаб бастығы генерал-майор Фондерсон оны әлгі сәудегерден қалап алады. Алтыншаштан көз жазып қалған Сейтен, үш жыл өткеннен кейін оның әкесін өлтірушілердің бірі Фондерсонның қолында үй сыпырушы болып жүргенін естиді. Іздеп Омбыға келеді. Генерал-майордың сақ күзетшілері бөгет болып Алтыншашқа жолыға алмайды. Тәуекелге бел буып, түнде Фондерсонның үйіне шабуыл жасап, тартып әкетем деп жүргенінде, генерал-губернатор біліп қалып, өзі ажалдан әзер құтылады. Сейтеннің қазіргі айтып келе жатқаны осы бала жайы. Бұл оның көңіліндегі ауыр жара. Егер алда-жалда осы жараға біреу-міреу тиіп кетсе, Сейтен өзін өзі ұстай алмайды, бұлқан-талқан ашуға беріледі. Бірақ бұ жолы Сейтен өйтпеді. Бір кезде қанжығалас серік болғанменен, ол Ожардан аздап күдіктенеді. «Адам сыры — сандық ішіндегі қазына. Онда алтын жатыр ма, бақыр жатыр ма, бірден білу қиын. Кілтін іздеу керек». Сондықтан да ол енді Ожардан сыр тарта сөйледі.
— Сол ұстап бойынша біз қазынаға жүз қарадан бір қара жасақ төлеуге тиісті едік. Бірақ сол заңның өзін кім дұрыс қолданып жүр? Аға сұлтандардың малы жұтқа іліксе — зекет төле. Жанаралдың, пристаптың үйі өртенсе — үлесіңді апар…
— Ақ патшаның салық туралы қосымша әмірі шықты деп жүргендері қайда? — деді Ожар түнере.
