Сейтен сәл үндемей қалды. Шұбырып келе жатқан көшке бұрыла бір көз тастап күрсінді де, қайтадан сөйлеп кетті.

— Сол ұстапта: «қазақ Мұхамбет пайғамбардың жолын берік ұстаған діншіл халық емес, оны шоқындырып алу оңай, тек ауылға уәкілдер жіберілсін» делінген.

Ожар күлгендей боп тісін ақситты.

— Және ол ұстапта ешкімді зорлау болмасын, әркім шоқынғысы келсе, өз еркімен шоқынсын деген де сөз бар ғой…

— Сейтен атының басын жедел тартып алды.

— Сен оны қайдан білесің?

Ожар екіұшты жауап қайырды.

— Ел құлағы елу…

Сейтен атын тебініп қап, кенет қызулана сөйлеп кетті.

— Қасым төре біз секілді ақымақ емес еді. Арқа жерінде сегіз өкірігтің не үшін құрылғанын бізден бұрын түсінді. Тоқа, Алтын, Алтай, Уақты ертіп патша құрығы жетпейтін Бестаңбалы жеріне қарай көшті. Біз қалып қойдық. Қалғанымыздан не таптық? Он жылдың ішінде Талды өзенінің сағасында Қарқаралы өкірігі, Қызылжар бекінісінің жанында Көкшетау өкірігі, Семей бекінісінің тұсында Аякөз өкірігі, Омбы қаласынан төмендеу Ақмола өкірігі, Жәміш бекінісінің қасынан Баянауыл өкірігі, Аманқарағайдан жоғары Құсмұрын өкірігі, Омбының оңтүстік саласында Үшбұлақ өкірігі құрылды. Бүкіл Арқа жеріне темір тор жабылды, енді тырп етіп көрші! Қарамағыңдағы елің түгіл, туған ініңнің баласын арашалауға күшің жетпей қалды.

Сейтеннің соңғы сөзінің мәнісі бар еді.

Батыс Сібірдің тұрғын жұрты мен жер айдалып барған адамдардың арасында әйел жынысының өте жеткіліксіздігін еске алып, Бірінші Николай патша 1825 жылы 11 февраль күні қазақша Тауық жылғы ақпан айының он бірінде Сібір генерал-губернаторы мен Орынбор соғыс губернаторына Сібірмен шектес қазақ секілді «бұратана» ұлттардың жас қыз балаларын қолға түсіруге жарлық берген. Бұл жолда қандай амал болмасын қолдануға рұқсат етілген. Сатып алуға да, алдап алуға да болады делінген.



4 из 348