
— Бұзау терісі емес, бұзау терісінен істелген қағаз десетін. Қап-қалың болатын, өзім көргем, — деді ол жайбарақат. — Сол қағаздан кейін аға сұлтан Қоңырқұлжаның қадірі ұлан-асыр өсті. Соның арқасы ғой бұ күні қалың Ар- ғынды шашау шығармай ұстап отырғаны. Үйірін бермес осындай бір марғасқа айғырлар болатын. — Сейтен сәл үндемей қалды да, күрсіне қайта сөйледі, — жиырма мың жылқы айдаған Құдайменде баласы ондай қағазды алудың бір амалын тапқан шығар. Бірақ ақ патша әділетті болса Қасым төренің арызын неге тыңдамады?
— Қандай арызын?
— Қасым төре қазақ жеріне бекініс салып, пірказ құруды тоқтатуын талап етіп осыдан он жыл бұрын қағаз жазған жоқ па? Одан не шықты? Жауап берудің орнына жерімізге әскер үстіне әскер төкті. Ақмола, Аякөз, Баянауыл өкірігінің кіндік ортасына Ақтау бекінісін сала бастады. Бұнысы енді бүкіл Арқаны қанды шеңберіме аламын дегені емес пе? Осыны сезген Қасым төре Қоқан хандығына қарай ауысты ғой. Ондағы ойы Сыр бойындағы қалың қазақты Абылайдың ақ туының астына жинап, діні бір Қоқанмен тізе қосып жұртымызды тыныш, алаңсыз ету емес пе еді.
— Бірақ Қасым төренің ол ойынан не шықты? — Ожар мысқылдай күлген тәрізді. — Ташкент құшбегінен Есенгелді мен Саржанның аман қайтуының өзі екіталай…
1824, яғни қазақша Мешін жылы Көкшетау приказы құрылды. Бұл — ақ патшаның Абылай ұрпағының ата мекеніне ауыз салуы еді. Осы жылдан бастап Қасым төре баласы Саржан сұлтан қол жинап патша әскері мен ұстапты жақтайтын Сәмеке, Бөкей, Уәли хандардың ұрпақтарына, Көкшетаудың аға сұлтаны Қара Тоқаның Зілқарасына қарсы күрес бастады. Кейде жеңіп, кейде жеңіліп, басынан сан айқасты өткізеді. Ақырында Қоқан хандығының қол астына еніп, 1834, яғни Жылқы жылы осы хандықтың бас күші Ташкент құшбегі, тәжіктің Қалпы руынан шыққан Мәмет әліммен тізе қосып, қазақ жерін Россия империясынан бөліп алмақ болып, алты мың әскермен Ұлытау өңіріне келді. Осы өңірге Қорған атты бекініс тұрғызып, бізге қосылыңдар деп жан-жағына жар салады, аға сұлтан, ел билеген ақсақалдарға ат шаптырады.
