Бір жағынан шағын-шағын жасақ аттандырып, Қараөткел, Көкшетау жеріндегі қалың Арғын елін шаба бастайды. Мұны естіген Сібір губернаторы Ұлытауға генерал-майор Броневский басқарған алты зеңбіректі бір мың әскер жібереді. Броневский көп кешікпей Ұлытауға таяйды. Жақын қалған патша әскерінен қорыққан Ташкент құшбегі Қорғанға азғантай сарбаздарын қалдырып, Бетпақдалаға қарай қашады. Ал Қорған бекінісі көп соғыспай Броневскийге беріледі. Ташкент құшбегі Мәмет әлім қазақ жерін Россия патшалығынан оңай ала алмайтынына көзі жетіп, күресті бірден тоқтатады. Одақтасының мұндай опасыздығын көрген Қасым төре балалары енді Сыр бойындағы қазақтарды жинап, Қоқан хандығының ықпалынан құтылмақ болады. Бірақ Ташкент құшбегі бұны сезбегенсиді, ақ патшамен күресуге қайта қол жиямыз, кеңеске балаларыңды жібер дейді Қасым төреге. Ал ол құрылған қақпанды аңғармайды. Ташкентке жиырма жігітпен қолбасшы балалары Есенгелді мен Саржанды, шұбыртпалы Ағыбай батырды, Саржанның жиырма жасар баласы Ержанды жолға шығарады. Бұлардың Ташкентке кеткені Арқаға да жетеді. Ожардың айтып келе жатқаны осы жәйт.

Сейтен бұл хабарды бұрын естісе де, мысқылдай сөйленген сөзден бір суық кекесін аңғарып қалды. Ожарға сескене қарады. Кенет есіне осыдан үш күн бұрын қойнынан жұлып алып тастаған шұбар жылан түсті.

Айдын көлді, жасыл белді, қарағай, қайың сыңсыған қатпар-қатпар жартасты Баянауылдан аттанған Сейтен Қараменді тауы етегін басып, Балқаштың теріскей тұмсығындағы Мың аралдың батыс жағына өтпек еді. Осыдан үш күн бұрын бұлар Қараменді тауының шұрайлы етегіне жеткен. Бір жетіден бері ат үстінен түспеген Сейтен, көш орнығысымен, жан-жағы анық көрінетін бір жартасты төбенің басына шығып, көз шырымын алдырмақ болған. Ұйықтап кеткен екен. Үстінен бір суық леп өткендей сезінді. Көзін ашып алды. Ештеңе де көрінбейді. Ел жым-жырт ұйқыда. Аспанда күміс ай ғана ақырын жылжиды. Мұны оятқан не? Сейтен қозғалмай үн-түнсіз сәл жатты.



8 из 348