
Бұл — Әбілқайырдың ойы. Ал Жәнібек болса, осынау ру таласына өзгеше қарайды. «Қазір Әбілқайыр қиын халде, — деп болжайды ол, — Ордасының да айбары бұрынғыдай емес, жан-жағы түгел аш қасқырдай талауға әзір жаулары. Оңтүстік-күнбатыс жағынан Қорасан қайтадан бас көтере бастады. Мауреннахр бұқарасының да өшпендігі күшеюде. Ақсақ Темір ұрпақтары іштен тынып, сәтті күнін күтіп отыр. Солтүстік-батыс тұсы да жауар күндей түнеріп тұр. Ал Еділ өзенінің арғы бетіндегі Ноғай Ордасы күннен-күнге іргесін әрі салып бара жатыр, достықтан қастық тілеуі басым. Ежелден бәсекелес жаулары Қазан мен Қырым хандықтары да бел алып кеткендей. Астрахань сұлтандары Әбілқайырдан көрі, соларға қарай иек артпақ… Бұның бәрі құр доңайбат емес, бір хандықты жүн етер қаһар. Ал Алтын Орданың өзінің іші қалай? Жиди бастаған теріге ұқсас. Хан салған алым-салықтың зардабына шыдай алмай әбден ауаланып алған. Күні бүгін Әбілқайырдан бөлінгелі тұрған қазақ рулары аз емес… Тек солардың санын көбейте түсу керек».
Жәнібек, қырға шыққан сайын, ел тауқыметін көріп, ордасына үнемі ренжіп қайтатын. Әсіресе, өткен жылғы, бір оқиға сұлтанның көз алдынан кетпей-ақ қойған. Ол аңнан келе жатып Әбілқайыр лашкерлері шауып кеткен бір ауылдың үстінен шыққан. Шаңырағы күйрей жерге түскен үйлер… Ұлдары сойылға жығылып, ботасы өлген інгендей боздаған аналар…
Жәнібекті таныған ақсақал:
— Шырағым, Жәнібек, — деген, — бөтен елдерді шабуға жігіттеріңді бермедіңдер, мерзімінде алым-салықты төлемедіңдер деп ханның аш бөрілері аулымызды шауып кетті. Еділ бойында да көрген күніміз осындай болатын. Құтқара көр енді бізді бұл қорлықтан!
— Қалай құтқарам?! — деген Жәнібек.
— Әбілқайырдан бізді бөліп ал, — деп жауап қайырған қарт. — Өзгенің жер-суына қызықпайтын, өз елінен жат жұрттай ауыр алым-салық салмайтын жеке шаңырақ көтер.
