
Әбілқайыр Арғынның би, батырларының алдыңғы жағында отырған сұлу мұртты Жәнібек пен жалаңаш қанжардай түсі суық Керейге көз қиығын ау-дарды.
«Иә… иә… Абақ сұлтаннан бұлар қауіпті. Шыңғысхан нояндары күйреткен, соңынан бабалары Орыс хан қайта жөндеген Ақ Орда астанасы Сығанақты жаулап алғанымды бұлар мәңгі-бақи кешірмек емес. Және Ақсақ Темірдің баласы Шахрук сұлтаннан туған Ұлықбектің қызын алғаныма да қырғи-қабақ. Менің Бұқар, Самарқант бектеріне бүйрегімнің бұратынын көре алмайды. Шамалары келсе, тез-ақ жеке қазақ ханы болып оңаша отау тікпек. Тек бөлініп кетуге әзірге күштері жеткіліксіз. Бастары қосылмай жүрген рулары болмаса, соңынан тұтаса ерген елі жоқ. Ал ел деген не? Ойынан шықпасаң, сенен үрки жөнелуге бар. Мына Ақжол бидің айтып отырғанын ескермей көрші, бүкіл Ар- ғын, Найман, Қоңырат болып ши шығаруға дайын. Барақ баласы Жәнібектің, Болат баласы Керейдің күткені де осы. Көптен бері Жәнібек пен Керей осы рулардың сөзін сөйлеп, сойылын соғып өздеріне баурап жүр. Азғантай мүлт кетсең, оқыралаған өгіздей мөңки тулап, жұртты бөліп әкеткелі тұр. Сонда не істеу керек? Арғыннан қорқып Қыпшақ батырының сөзін аяқсыз тастау керек пе? Жоқ, өйтуге болмайды. Қазіргі арқа сүйерім, бұрынғыдай Маңғыт емес, жошын Қыпшақ! Қыпшақ менің қазір қанды шоқпарым. Оны дұрыс сілтей білсем, әлі де болса талай Жәнібек, Керейлердің басын домалата алам. Демек, шешім қандай болуға тиісті? Екі жақ менен бірдей жауап күтуде ғой».
