Әбілқайырдың іркіп отырған ойын кенет сықырлай ашылған есік үні бұзып кетті. Хан төмен түсіп кеткен басын көтеріп есік жаққа қарады. Жақында қайтыс болған Шах-Будақ сұлтаннан туған жеті жасар немересі Мұхамед-Шайбани екен. Атасы хан, нағашысы бүкіл Алтын ханның бас батыры Домбалық батыр болғандықтан, Әбілқайырдың бұл немересі өз балаларынан да анағұрлым ерке, тентек. Және хан да оны ерекше жақсы көретін. Бала есік алдында тұрған пасбандарға,

— Тарланкөк тым асау екен, бие сауымдай мезгіл шаптым. Бірақ мені түсіріп кете алмады, — деді мақтана, — бәрібір мен оны үйретіп аламын!


— Кезің келгенде бұл дозақтың отына сен де күйерсің, әзірге ойнай бер. Бара ғой.

— Қайдағы дозақ? — Бала атасына еркелей қарады. — Мен хан болғанда ол дозақты жұмаққа айналдырам. Көр де тұр?

Хан күлімсіреді де қойды. Кенет оның көзі есікке таяу тұрған Керейдің он жеті жасар баласы Бұрындыққа түсіп кетті! Жүрегі дір ете қалды. Ананың бет құбылысында жеті жасар Мұхамед-Шайбаниға деген аязданған қар тәрізді бір алуан өшпендік ызғары байқалады. Шүңет көздері шоқтай қадалып тұр.

Елуге таяған Әбілқайырдың тікелей хан тағына отырар мұрагері ең тұңғышы марқұм Шах-Будақ сұлтан болатын. Одан кейінгі кезек екінші баласы Шайх-Хайдар мен осы Мұхамед-Шайбанидікі… Ақылды хан жау садағының оғы, өзі өлгеннен кейін, Шайх-Хайдар мен осы жеті жасар немересіне кезенетінін бірден ұқты. Хан тағына ие болудан туатын ұлы таластан әлі түсінігі жоқ жеті жасар немересін қорғағысы келгендей Әбілқайыр кенет Мұхамед-Шайбаниды аялай бауырына қысты. «Расымен-ақ біреу осы нәрестеге де қол көтерер ме екен? Кімнің бұл шаңырағын қиратып, түндігін тіліп еді?» — деді ол ішінен. Бірақ хан дәл бұл сәтте өзінің Махмед-Қожаның баласына істегенін есіне түсірмеді. Бәсе, үш жасар нәресте Махмед-Қожаның ұлы Әбілқайыр ханның несін бүлдіріп еді? Қай шырағына көлеңке болып еді!

Бірін-бірі қасқырша талаған, тек жеңгендері ғана өмір сүретін қатал заман. Әбілқайырдың кенет немересін бауырына неге қысқанын бір-ақ адам ғана түсінді. Ол — Жәнібек сұлтан еді. «Дұрыс ойлап отырсың, хан ием, — деді ол ішінен, — сенің ошағыңды маздататын ақырғы тобылғың осы Мұхамед-Шайбани немерең болар. Жеті жасар баладай емес тым ересек, ақылды… Егер осы немерең қыршынынан қиылса, сенің де отыңның мәңгі сөнгені».



34 из 300