
әрине, мұндай жағдайда қазақ елі Сыбан Раптан секілді пышақтың жүзіндей қылшылдаған, қазірдің өзінде жетпіс мың әскері бар жауға қарсы тұра алар ма? Және жауы жалғыз Жоңғар хандығы ғана ма? Мұндай қиындықта тек хан ордасының маңындағы ағайын, туыс, төлеңгіт секілді аз ғана күшке сүйенген хандардың қолынан не келеді? Әр жүздің ханы, сұлтанымын деп отырған Болат, Әбілқайыр, Сәмеке, Барақ, Күшіктердің өз ордаларының іші толған жанжал, бақталастық, қым-қиғаш тартыс.
Ал патша үкіметі, болғалы тұрған қанды уақиғалардың екі жағымен де түбі тіл табу керек екенін есіне ұстап, Орта Азия істеріне өте сақтықпен қарады. Қайып хан өлісіменен: «Арты не болар екен?» — дегендей күту саясатына көшті.
Осының бәрі қазақ халқының басына бір жамандық әкелгелі тұрғандай еді.
Жоңғар қонтайшысы жорық алдындағы кеңесін шақырды. Осы кеңесте қазақ елін шабу тәртібі шешілген. Ренат ақылы бойынша, ежелден шығыс жеріндегі жауды бір тұстан шабу дәстүрі қолданылмай, бірден қос бүйірден ала бастамақ болды. Жоңғардың бар әскерінің қолбасшысы етіліп Сыбан Раптанның інісі Шұна Дабо баһадур белгіленді. Бір жағы Қаратауды басып, Шу мен Талас өзенінің бойына түйілсе, екінші жағы Шыршық қойнауына шықпақ. Сол үшін Шұна Дабо әскерін жетіге бөлді. Әр қол енді тау бөктерлеріне, не жау жеріне қарай ағатын өзен бастарына өзінің туын тігіп, әскерін жорыққа дайындады. Бірінші қол Жетісу Алатауының етегіне, Балқаш көліне құятын төрт өзеннің басына жиналды. Бұл қолға Сыбан Раптанның баласы Қалден Церен қолбасшы боп белгіленді. Екінші қол Алтынемел тауларына таяу Іле өзенінің теріскей жағындағы Көктал мен Көктеректің ортасына туын тікті. Бұған қолбасшылыққа Сыбан Раптанның інісі Қорен батыр бекітілді. Үшінші қол Кеген өзенінің солтүстік жағасына, Нарын өзенінің күншығыс жағында жатқан Кетпен тауының бауырына жиналды. Бұған қолбасшы Қалден Цереннің он жеті жасар немересі Амурсана болды. Төртінші қол Шелек өзенінің басына туын тікті.
